Дәулет Тұрлыханов Алмат Кебіспаевтың дауға қалуына қатысты пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Алматыда грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы Алмат Кебіспаевтың бір жігітті ұрып жығуына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрлыханов
Фото: ҚазАқпарат

Мәжіліс депутаты келеңсіз жағдай туралы хабардар екенін, кінәлі жақ заң аясында жауапқа тартылуы мүмкін екенін әлеуметтік желіде жазды. 

"Бұл келеңсіз жағдай туралы мен хабардармын. Қалай болғанын естідім.. Өкінішке қарай, бұл кез келген қалада болып тұратын тұрмыстық жағдай. Оны болдырмауға тырысу керек, әрине. Бірақ, бес саусақ бірдей емес, әр адам баласының өзінің жаратылысына, тәрбиесі мен мәдениеттілігіне байланысты. Орын алған оқиға бойынша екі тарап өздері шешімге келер. Заң қорғау органдары мән-жайды сараптап, қорытынды шығарар! Кінәлі жақ заң аясында жауапқа тартылар! Ол - уақыт еншісінде", - деп жазды халық қалаулысы.

Дәулет Тұрлыханов, сондай-ақ, мәселенің байыбына бармай, байбалам салудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

"Алмат – чемпион! Мен оны біраз жылдардан бері білемін! Өте ақылды, парасатты, сыпайы жігіт. Талай ел намысын қорғап, туымызды желбіретті. Бірнеше дүркін Азия чемпионы, әлем жүлдегері атанды.. Қазір Алмат Сербиядағы Әлем чемпионатына дайындық үстінде. Сондықтан да мәселенің анық-қанығына жетпей, алдын ала спортшымызды тығырыққа тіремейік, достар! Дәл қазір Алматқа қолдау қажет! Алда - ел абыройы, жүлде, Олимпиада жолдамасы!
Болған жағдай заң жолымен уақытында шешіледі", - деп жазды Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Еске салсақ, Алматыда сауда орталықтарының бірінде Алмат Кебіспаевтың бір жігітті ұрып құлатқаны туралы ақпарат тараған болатын.