Дәулет Тұрлыханов: Қазақстанда әйелдер күресін дамытуда кедергілер бар
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов еліміздегі әйелдер күресінің қазіргі жағдайы және даму болашағы туралы айтты.
Федерация президентінің айтуынша, елімізде бүгінде әйелдер күресінің дамуында үлкен мәселелер бар.
- Әйелдер күресі Халқаралық олимпиада комитеті тарапынан олимпиада ойындарына кірген спорт түрі. Барлық ел әйелдер күресін дамытып отыр. Ал бізде жергілікті жерлерде қыздар күресінің дамуына қарсы жұмыстар жүргізіліп жатқан жағдай бар. Оны мемлекеттік бас жаттықтырушы біледі. Енді облыстық спорт басқармаларымен жұмыс істеп, осы мәселені жергілікті деңгейде шешу керек. Осы олимпиадалық спорт түрін біз дамытуымыз керек, - деді ол.
Дәулет Тұрлыханов қазақ қыздарының Рио олимпиадасындағы жетістігін еске салды.
- 2016 жылғы Рио олимпиадасында біздің қыздар 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған болатын. Осыдан кейін елімізде қыздар күресінің дамуында үзіліс болып қалды. Өйткені жастар мен жасөспірімдер арасында спортшыларымыз жетіле алмады. Статистикаға қарасақ, 2023 жылы өткен 6 жазғы халықтар спартакиадасының қыздар күресіне бар-жоғы 115 спортшы қатысқан. Ел біріншілігіне 17 жасқа дейін 169 спортшы, ал 15 жасқа дейін 195 балуан қыз қатысқан. Алайда, 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер санатында тек 99 қыз бақ сынады. Оған басты себеп — мектеп бітіргеннен кейін кейбір қыздар спортты жалғастырмай, тастап кетуі; ал кейбірі отбасын құрып кетуі. Бұл ойланатын сұрақ, біз осы мәселемен айналысуымыз керек. Ал үкімет тарапынан барлық қолдаулар мен барлық жағдай жасалған. Бюжеттен қомақты қаражат бар, заман талабына сай спорт кешендері бар, - деді федерация басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанадағы “Qazaqstan” жеңіл атлетика кешенінің баспасөз орталығында Республикалық «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ағымдағы қызметіне қатысты өзекті мәселелерге арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Баспасөз мәслихатында әйелдер күресі бойынша бас жаттықтырушы Қайрат Сағадиев балуан қыздарымыз не үшін Олимпиада жолдамасын иелене алмағанын түсіндірді.