Дәулет Тұрлыхановтың ұлы бостандыққа шықты - ҚАЖК
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат бостандыққа шықты.
Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
- Сотталушы сот тағайындаған жаза мерзімін толық өтеуіне байланысты босатылды, - деп хабарлады ҚАЖК.
Еске салайық, 2023 жылы ақпанда Нұрасыл Болат Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан еді.
2023 жылдың 9 қазанында Алматы қалалық әскери сотында Нұрасыл Болатқа қатысты сот үкімі шықты.
Сот үкімімен ол ҚК 107-бабының 2-бөлігі 1 және 5-тармақтарында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған жаза түрінде 1 млн 700 мың теңге айыппұл тағайындалды.
Кейін әлеуметтік желіде Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта емін-еркін жүрген видеосы тарады. Осыған байланысты Медеу ауданының № 2 аудандық соты пробация қызметінің Нұрасыл Болатқа қатысты жазаны — бас бостандығын шектеуді одан айырумен ауыстыру туралы өтінішхатын негіз деп танып, оны 1 жыл 5 ай 10 күнге бас бостандығынан айырды.