Дәулетше Күсепқалиев - алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Алаш қайраткері

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алашорда үкіметінің құрылғанына тура бір ғасыр толып отырған мезгілде белсенді Алаш қайраткерлерінің есімдерін еске алып, елі үшін атқарған қызметтерін саралау - парыз. Осы орайда тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Альфия Байболсынова «ҚазАқпарат» тілшісімен жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, батыс Алашорда қайраткері Дәулетше (Дәулетшаһ) Күсепқалиев туралы зерттеуімен бөліскен болатын.
None
None

Тарихшы Альфия Байболсынова ХХ ғасырдың бас кезінде белсенді қызметімен көрінген Дәулетше Күсепқалиев есімі әсіресе, қоғамдық-саяси іс-шараларда ерекше аталғанын алға тартады. Бұған себеп - Нұралы хан тұқымы Дәулетше де -  басқа алашордалық белсенділер секілді әр түрлі қоғамдық формацияның өзіндік  күресі барысында қалыптасып шыққан тұлғалар болатын.
null

ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың басындағы бөкейлік өзге қайраткерлермен бірге Дәулетше де өңірдегі орыс-қазақ мектебінде сауат ашып, негізгі екі тілде (қазақ, орыс) және қосымша түрік, араб, татар тілдерінде білім алады. Одан кейін 1887 жылы Орынбор қаласындағы классикалық ерлер гимназиясында оқып, оны  күміс медальмен 1895 жылдың 8 маусымында аяқтаған. Бұл кезде Орынборға ағылған көптеген қазақ марғасқаларымен танысып, кейін олармен ұзақ жыл бірлескен жұмыстар атқарады. Айталық, Дәулетшені үнемі қолдап отырған, бөкейлік ақын Шәңгерей Бөкеев өзінің Орынборға жиі барған сапарында оған бір соқпай өтпейтін. Дәулетше Күсепқалиев Орынбор гимназиясын бітірген   соң,  1895 жылы 1 шілдеде Мәскеу   императорлық университетінің ректорына университеттің медициналық факультетіне қабылдауға өтініш жазып, оқу орнының барлық ережелері мен қаулыларын қатаң ұстанатындығын айтады. Осылайша, Мәскеу университетіне қабылданады. Студенттік жылдары Дәулетше Күсепқалиев Орал әскери казачествосының басқармасынан стипендия алып оқыған. Кейбір деректер бойынша осы университеттің заң факультетінде қатар оқып, екі дипломға бірге ие болған.

«Дәулетше Күсепқалиевтің қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына, бір жағынан, ол білім алған Ресейдегі оқиғалар, екінші жағынан, өзі шыққан қалың қазақ ортасының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайының ықпалы зор болғаны күмәнсіз. Өзі сияқты көзі қарақты орыс дәрігерлерімен тәжірибе алмасуы, орталық қалалардағы алқалы жиындарға қатысуы оның тек дәрігерлік тәжірибесінің артуына ғана емес, саяси ойының шыңдалуына да әсер етпей қалған жоқ», - дейді тарихшы Альфия Байболсынова.  

1900 жылы 12 маусымда Дәулетше Мәскеу университетін тәмамдап, университет жанындағы медициналық тексеру сараптама комиссиясынан тәжірибелік курстан өтеді. Сол  жылы 14 қазанда барлық артықшылықтар мен құқықтарға ие болған лекарь (емдеуші) атағын алады. Сөйтіп, Д.Күсепқалиев өлке халқына дәрігерлік қызмет көрсету жұмыстарының бел ортасына араласады. Ол 1902 жылы өзінің туған жері Тайпақ ауылына дәрігер болып келіп, осы өңірде алғаш рет шағын аурухана ашуға ұйытқы болды. Бүкіл Тайпақ өңірінде жалғыз дәрігер атанады.
null

1903 жылдан сол кездегі Орал облысындағы Ілбішін уезіндегі Қарағаш, Өлеңті, Жымпиты, Соналы, Қалдығайты болыстарына дәрігерлік қызмет көрсетеді. Кейін Гурьев уезіне қарасты 2-учаскенің Қызылқоға, Ойыл, Есбол, Қарабау, Кермақас, Қиыл, тағы басқа болыстарына дәрігер ретінде жұмысқа жіберіледі әрі осы учаскеде крестьян начальнигі, Кермеқас 1 кластық орыс-қазақ училищесінің қамқоршы-попечителі қызметін атқарады. Онда Дәулетше тек дәрігерлік жұмысын атқарып қана қоймай, қоғамдық-саяси іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Әсіресе, қара қазақтың сауатын көтеруге үлесін қосып, Кермақаста II жылдық орыс-қырғыз мектебін ашуға ұйытқы болады.

Сол жылдары көрнекті қазақ ақыны Шәңгерейдің ағасы Мұхамедкерей Бөкеевтің қызы Айшаға үйленеді. 1912 жылы Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі болып тағайындалады. 1912 жылдан бастап Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі болумен қатар ол сондай-ақ крестьян начальнигі деген лауазымға ие болады.

Ол кезеңде Жымпиты ауруханасы земствоның қаржысымен жұмыс жасаған. Ол аурухананың меңгерушісі ғана болып қоймай, емдеумен бірге ауруды болдырмау шараларын жүзеге асыруда алғашқы бастамашы болған. Әсіресе, оба, шешек ауруларымен күресте өте көп еңбек сіңірген. Халық арасындағы белсенді қызметі әрі біліктілігі үшін 1914 жылы Дәулетше салына бастаған Тайпақ ауруханасына меңгеруші етіп жіберіледі.

«Ол өз денсаулығының нашарлығына қарамастан, халыққа медициналық қызмет көрсетуде аянбай еңбек етеді. Дәрігерлік қызметте де, қоғамдық істерде де жауаптылық танытты. Алашорда тараған кезде Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің құрамына енеді. Кейін ол біраз уақыт облыстық санэпидстансасын басқарады. Денсаулығының нашарлауына байланысты Қырғыз революциялық комитетінен Жымпиты уезіне қайта жіберуін өтінеді. Бұл жөнінде (1920 жылғы 19 маусымда) «Орал облыстық революциялық комитеттің дәрігері Д.Күсепқалиевтің Оралдан шыққандығы жөнінен хабарлауыңызды өтінеміз. Онсыз уезд дәрігерсіз қалды», - деп ревком председателі Е.Қасаболатов телеграмма жіберген еді»,  - дейді тарихшы.

Жымпитыға қайтып оралып, өзінің халыққа қызмет ету жұмысын жалғастырады. Сондықтан бұл бағытта Батыс Қазақстан аймағының бірқатар болыстарын қараушы дәрігер ретіндегі Күсепқалиевтің еңбегі зор болды.  Оған дәлел, дәрігерлік инспектор міндетін атқарушы, кейіннен Батыс Қазақстан денсаулық сақтау ісінің ірі қайраткерінің бірі және ұйымдастырушы А.В.Гекке 1915 жылы Жымпиты ауруханасының дәрігері Дәулетшенің болыс территориясында обаның өршіген уақытында қалай еңбек еткені жайлы жазды. Бұл оқиғаға Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде мақала арнады.

«Дәулетше Күсепқалиев -  сондай-ақ «Қазақ» газетіне қалам қызметімен қолдау көрсеткендердің бірі. Осы еңбегі үшін газет басқармасы 1914 жылы 45-нөмірінде оған басқа азаматтармен бірге алғыс айтты. Дәулетше оған қоса 1915-1916 жылдары Жайық өңірінде сауда-кәсіпкерлік істің өркендеуіне үлесін қосып, мал тұқымын асылдандырумен айналысты. Бір өркешті бактриан түйелері мен жергілікті тұқым арасынан төзімді де өнімді жаңа нар тұқымын шығарды. Сондай-ақ шағын несиемен жұмыс істейтін шаруашылықтар, несие беретін ұйымдар құру ісіне ұйтқы болды. Х.Тоқберлинмен бірлесіп «Қазақ» газетінде (1910, №210) уақ қарыз ұйымдарына қатысуға шақырған «Қазақ халқына» атты мақала жариялады», - дейді тарихшы.  

Д.Күсепқалиев Ішкі (Бөкей) қырғыз ордасының дәрігерлері сияқты, бірнеше рет Ресейдің көрші губернияларындағы обаға қарсы сьездердің жұмысына  қатысады. Нәтижесінде 1899-1915 жылдарда Орал және Торғай облысының екі уезін қосқанда, дәрігерлік қызмет сапасы артады.

Ол 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң орын алған саяси оқиғаларға белсене араласты. Сол кездегі қазақ халқының көшбасшысы болған зиялылармен байланыс жасай отырып, олардың  жаңа қоғам құру сәті келгені туралы айтқан ойларына қосылады.  Осыған орай Д.Күсепқалиев 1917 жылғы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өткен Жайық қазақтарының 1-сьезінде құрылған Орал облыстық қазақ комитетіне мүше болып енеді. Ал 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІV Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылған «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі құрамына 7 адамның бірі болып Дәулетше Күсепқалиев сайланады.

Ресейдегі саяси төңкеріске байланысты облыс, уез, болыс және ауылдарда ескі құлаған үкіметтің орнына жаңа Уақытша үкіметтің басқару орындары қалыптаса бастайды. Қазақстанда да ол билік орындары алғашқы кезеңде азаматтық комитеттер ретінде пайда болады. Бұл комитеттермен бір мезгілде стихиялы түрде облыстық, уездік және болыстық деңгейде Қазақ азаматтық комитеттері құрыла бастайды. Қазақ комитеттерінің өкілдері облыстық және уездік азаматтық комитеттердің атқару органдарына мүше болып енеді. Облыстық және уездік Қазақ комитеттерінің қалыптаса бастағандығы туралы алғашқы хабарлар «Қазақтың» 1917 жылғы 17 наурыз күнгі санында жарияланады. Олардың бірінде Орал қаласында 10 наурыз күні ел өкілдерінің жиналысы болып, елдің тыныштығын, бүтіндігін сақтау үшін және әскер мен халыққа азық дайындау мақсатында облыстық Қазақ комитеті құрылып, ол комитеттен Орал облыстық азаматтық комитетіне мүшелікке Дәулетше Күсепқалиев, Ғұбайдолла Әлібеков және ІІ Дума депутаты Б.Қаратаевтың сайланғаны жөнінде айтылған.

Қазақ өлкесінде  кеңестік биліктің орнауынан кейін Дәулетше Күсепқалиев 1920 жылғы наурыз - 1920 жылғы шілде аралығында Орынбор қаласында Қазәсревкомның денсаулық сақтау бөлімі санитарлық-эпидемиологиялық қосалқы бөлімінің меңгерушісі болады.  Бұл салада күйеу баласы, дәрігер Есенғали Қасаболатовпен екеуі пікірлес әрі қызметтес болды. Олар сол кездегі елдегі ауыр жағдайға қарамастан, халық арасында кең санитарлық-эпидемиологиялық және сауықтыру шараларын жүргізеді. Өз өтінішімен және Орал губревкомның төрағасы Есенғали Қасабулатовтың сұрауына орай, 1920 жылы шілдеде Жымпиты уездік ауруханасына меңгеруші етіп жіберілді. Е.Қасаболатов Орынборға ауысқаннан кейін,  1921 жылы Тайпақ дәрігерлік учаскесіне меңгеруші болды.

1928-29 жылдары тәркілеу және ауылды күшпен отырықшыландыру басталған кезде осы науқанға батыл қарсы шығады. Сол үшін 1929 жылы қарашада «Меңдешев тобының құрамында жікшіл күреске қатысты» деген айыппен қызметтен босатылады және  «жартылай феодал әрі бұрынғы Алашорда қайраткері» деген екі санатпен тәркіленіп, Орал округінің 113 байы қатарында Жетісу округіне жер аударылады. Дәулетше Күсепқалиевтің отбасының жер аударылуына қатысты бірқатар мұрағат деректері сақталған. 1929-1934 жылдары Алматыда республикалық венерологиялық диспансерде дәрігер болып жұмыс жасайды. Мұнда інісі Сүлейменнен туған Әминаға үйленген тағы бір Алаш қайраткері Ахмет Мәметов меңгеруші болатын. Сонымен қатар Алматы ауыл шаруашылығы институтында оқытушы ретінде дәріс берді. 1934-1940 жылдар аралығында Алматы облысы Қаскелең аудандық ауруханасының, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері, кейіннен Семей облысы Абай аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарады. Бұл жылдары Дәулетше Күсепқалиев денсаулық сақтау ісіне өзінің бар білім-жігерін жұмсаған білікті маман, көрнекті дәрігер ретінде көпшілікке танымал болады.

Деректер бойынша Дәулетше дәрігер 1944 жылы өзі емдеп жүрген аурулардан жұқпалы індет жұқтырып, ауырып, қайтыс болған. Оны таныстары, достары мен балалары  Семей облысына жерлеген көрінеді.

«Дәулетше Күсепқалиевтың өмір жолы мен қызметі туралы зерттеу жұмыстары бұдан былай да жалғаса бермек. Әсіресе, оның өмірінің соңғы жылдары және артында қалған балаларының тағдыры туралы деректер іздестірілуде. Тағы бір айта кететін жайт, елі үшін еңбек еткен дәрігер әрі Алаш қайраткері Дәулетше Күсепқалиевтің есімін есте қалдыру шараларын да қолға алу қажет-ақ», деп түйіндеді ойын А.Байболсынова.

Соңғы жаңалықтар