Дәурен Абаев: 2018 жылы e-gov арқылы 30 млн мемқызмет көрсетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметтерді 100 пайыз автоматтандыру мүмкін емес. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

"Бүгінгі таңда e-gov-қа 8,5 млн-нан астам тұтынушы тіркелген. 2018 жылдың өзінде осы портал арқылы 30 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Көрсетілетін қызметтерді одан ары жетілдіру аясында Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев төрағалық ететін Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия алаңында оңтайлануы тиіс 588 қызмет белгіленді. Біз әрбір қызметке сараптама жүргіздік. Оларды электронды форматқа ауыстыру тұстарын жан-жақты қарастырдық. Сондай-ақ рәсімдеу уақытын, құжаттар тізбегін қысқартуды, композиттік немесе проактивті формада анықтама беру тәсілдерін, артық процедуралар мен келісімдерді қысқарту тұстарын толық пысықтадық", - деді ол.

Министрдің айтуынша, осы жұмыстардың қорытындысы бойынша 141 қызметті электронды форматқа ауыстыру жоспарланып отыр. Ал 447 мемлекеттік қызмет түрлерінің кейбір құжаттары мен мерзімін қысқарту қарастырылған.

"Бұл азаматтардың уақытын үнемдейді. Уақытты үнемдеп қана қоймайды. Ең маңызды фактор - ұлт денсаулығы жөніндегі деректерді бір электронды базаға топтастыруға жол ашады. "Big data" технологиясының көмегімен жиналған деректерді денсаулық сақтау мен фармокология саласында тиімді пайдалану жоспарланып отыр", - деді Дәурен Абаев.

Оның дерегінше, ведомствоаралық комиссияның ұсынысына сай "Баланы патронаттық тәрбиеге беру" мен "Патронаттық тәрбиелеушілерге қаржы бөлу" сияқты екі қызмет біріктірілді. Бұрын бұл қызметтер бөлек көрсетілетін. Бұл құжаттарды екі рет ұсыну қажет болатын. Осылайша, аталған бағытты рәсімдеу 35 күннен 10 күнге дейін қысқарады.

"Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 100 пайызын автоматтандыру мүмкін емес. Өйткені, тиісті маманның қатысуынсыз жүзеге аспайтын да қызмет түрлері бар. Мысалы: мүмкіндігі шектеулі балаларды тексеру мен оларға медициналық-педагогикалық кеңестік көмек көрсету қызметі. Осындай бағыттағы қызметтердің процесі мен мерзімін қысқарту тиісті шаралар атқарылып жатыр", - деді ол.

Соңғы жаңалықтар