Дәурен Абаев отандық БАҚ-ты дамыту жөніндегі жоспарлар туралы айтып берді (ВИДЕО)

Астанада Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында министр бүгінде отандық БАҚ-ты дамытуда бірқатар проблемалы бағыттар бар екенін атап өтті. Осы ретте ведомство бұл мәселелерге ерекше мән бермек.
«Біріншіден, маңызды міндеттердің бірі - ол журналистің мәртебесін көтеру, оның мүдделері мен құқықтарын қорғау. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары үшін мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін бұдан ары арттыру. Бұл мәселе екі жақтың мүддесін көздеп отыр, яғни мемлекеттік бастамаларды дер кезінде, объективті және шынайы түсіндіру қоғамдық тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі»,-деді Д. Абаев.
Үшіншіден, журналистика факультеттерінде оқыту бағдарламаларын өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, осы ретте тәжірибелік жұмыстардың үлесі артып, студенттер түрлі басылымдарда тағылымдаманы бастайды.
«Төртіншіден, біз өңірлік БАҚ-ты дамытуға айрықша назар аударатын боламыз. Көптеген өңірлерде тәуелсіз басылымдардың болмауынан, жергілікті жерлерде өзекті проблемалар бірден сезіледі»,-деді министр.