Дәурен Ерғалиевтің дара жолы: мұнай есебіндегі дәлдік
АСТАНА. KAZINFORM — Мұнай-газ саласы — ел экономикасының стратегиялық тіректерінің бірі. Бұл салада бір ғана санның, бір ғана есептің артында миллиондаған қаржы мен өндірістік процестердің тұрақтылығы тұр. Сондықтан мұнай есептеу ісі аса жоғары жауапкершілік пен кәсіби дәлдікті талап етеді. Осындай маңызды бағытта ұзақ жыл бойы табанды еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі — «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС «Кеңқияқ» нысанындағы мұнай есептеу инженері Дәурен Ерғалиев.
Дәурен Исатайұлы 1989 жылы Ақтөбе облысы, Темір ауданына қарасты Кеңқияқ елді мекенінде дүниеге келген. Осы өңірде өсіп-жетілген ол бала кезінен спортқа, әсіресе футболға ерекше қызығушылық танытты. Спортпен айналысу оның бойында тәртіпке бағыну, төзімділік, жауапкершілік және командамен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырды. Кейін бұл қасиеттер кәсіби қызметінде маңызды рөл атқарды.
Болашақ мамандығын таңдауда Дәурен Ерғалиев мұнай-газ саласына саналы түрде бет бұрды. 2004–2008 жылдары Ақтөбе политехникалық колледжінде «Мұнай және газ саласы» мамандығы бойынша білім алып, алғашқы техникалық даярлықтан өтті. Ал 2008–2011 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдап, жоғары білім алды. Теориялық білім мен практикалық дағдыларды қатар меңгеруі оның кәсіби тұрғыда қалыптасуына негіз қалады.
Мұнай саласын таңдауға отбасылық ықпал да зор болды. Әкесі де осы салада ұзақ жыл еңбек еткен. Бала күнінен әкесінің жұмысқа деген адалдығын, тәртіп пен жауапкершілікке негізделген кәсіби ұстанымын көріп өскен ол мұнай өндірісін өмірлік бағыты ретінде таңдады. Өзінің айтуынша, бұл сала тек тұрақты жұмыс қана емес, ел дамуына нақты үлес қосудың жолы.
2011 жылдан бері Дәурен Ерғалиев «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС құрамында еңбек етіп келеді. Алғашқы күннен-ақ ол бұл жұмыстың қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін терең сезінді. Қатаң тәртіп, қауіпсіздік талаптары мен нақты регламенттер жас маманның кәсіби көзқарасын қалыптастырды. Әр ауысымда мұнай көлемін дәл есептеу, қабылдап-тапсыру құжаттамасын жүргізу, өлшеу құралдарының дұрыстығын бақылау — оның күнделікті міндетіне айналды.
— Мұнай есептеу ісінде ұсақ айырмашылықтың өзі үлкен қаржылық және өндірістік салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл қызметте нақтылық, ұқыптылық, техникалық сауаттылық пен цифрлармен жұмыс істей білу — басты талап. Соңғы жылдары салада цифрландыру мен автоматтандыру үдерістері күшейіп, есеп-қисаптың басым бөлігі электронды форматқа көшті. Бұл тиімділікті арттырып, ашықтықты қамтамасыз еткенімен, адам факторына деген жауапкершілік әлі де бірінші орында қалып отыр, — дейді Дәурен Исатайұлы.
Кейіпкеріміз жұмыс барысында кез келген мәселені асықпай, бекітілген стандарттар мен нұсқаулықтарға сүйене отырып шешуді негізгі қағида санайды. Ол өз еңбегін ел экономикасына тікелей әсер ететін нақты нәтиже беретін қызмет ретінде бағалайды. Оның пікірінше, тұрақты жетістікке жетудің басты негізі — адал еңбек пен жауапкершілік.
Көп жылғы табанды еңбегі мен сала дамуына қосқан үлесі тиісті деңгейде бағаланды. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай жоғары еңбек жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. 2021 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты Алғыс хатқа ие болды. Ал 2025 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ тарапынан мұнай-газ секторының дамуына қосқан елеулі үлесі, кәсіби біліктілігі мен адал еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.
Дәурен Ерғалиевтің еңбек жолы — өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби адалдықты басты ұстаным еткен мұнай саласы маманының нақты үлгісі.