Дауылдан зардап шеккен 82 жастағы Өскемен тұрғынының жағдайы ауыр

Шерияздан Исановтың немересі атасына әлеуметтік желі арқылы көмек сұрап, өзінің инстаграмдағы парақшасына былай деп жазған:
«Менің 82 жастағы атам, тыл еңбеккері кешегі дауылды жел кезінде үстіне шатыр құлап, зардап шекті. Қазір Абай көшесінің бойындағы қалалық ауруханада ауыр халде жатыр. Атама қан керек, көмектесулеріңізді сұраймын. Қолдарыңыздан келсе, қан орталығына - Исанов Шернияздың атына деп қан тапсырсаңыздар».
Бүгін бірінші қалалық аурухананың травмотологиялық бөлімшесі қарияның қабырғаларының бірнеше жерден сынғандығын мәлім етті.
Осы сағатта аурухананың медициналық көмегіне жүгініп 7 адам келіп үлгерді. Екі әйелдің аяғы сынған, медицианалық көмек көрсетілгеннен кейін, үйлеріне қайтарылды. Тағы бір жарақат алған жүкті әйел келіп түсті. Бұған дейін хабарланғандай, «112» және «101» желілеріне Өскемен қаласы мен қала маңындағы аудандардан шамамен 100 қоңырау шалынған.