«Дайдидау» әнінің тарихы туралы кітап 4 тілде жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM – «Дайдидау» әнінің тарихына арналған кітап төрт тілде жарық көрді. Автор Абылай Маудан «Бүгін LIVE» бағдарламасына қатысып, шығарманың жазылу тарихымен бөлісті.

— Бұл шығарманы 2005 жылы жаздым. 2004 жылы Қыдырбек деген досыммен жиналдық. Ол жерде Ықылас Ожай сынды тағы да бір топ азамат болды. Мен ол кезде студент едім. Олар «Дайдидау» әні жайлы қызықты әңгіме айтып отыр екен. Бұл оқиға көпке дейін есімнен кетпей, кейін жазуға отырдым. Сол жазба сол кезеңде газеттерде жарық көрді. Жыл сайын Мағжан Жұмабаевтың туған күнінде әлеуметтік желіге салып жүрдім. Бірақ оны ешкім оқымайтын. Достарым: «Мына шығармаңыз ерекше ғой, неге оқылмайды?» деп айтатын. Осыдан кейін өз-өзіме деген сенімсіздік пайда болды. Кейін бұл шығарма бірнеше байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Бір күні кездейсоқ Димаштың үйіне бардым. Сол жерде «Дайдидау» мейрамханасын және оның ішінде аттас брендтік бұйымдар сатылып жатқанын көрдім. Содан кейін Димаштың әкесіне осы шығармам туралы айтып, ол кісі қолдап, жобаны маған сеніп тапсырды, — дейді жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Кітап қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жарық көрді. Негізгі мақсат — «Дайдидау» әнінің тарихын әлемге таныту.

— Негізі, БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, жетінші тіл ретінде қазақ тілін қосайық деген ниетіміз болды. Бірақ әзірге төрт тілмен шектелдік, өйткені бұл жұмысты жалғыз өзім атқардым. Әлеуметтік желідегі байқауларым бойынша, әлемнің көптеген елдерінде белсенді жұмыс істейтін Димаштың фанаттары бар. Олар осы кітапты асыға күтіп отыр, — дейді автор.
Абылай Маудан бұл туындыны алғаш рет Димаштың фан-кездесуінде сатылымға шығармақ.
— 26 мамыр күні Алматыда Димаштың фанаттарымен кездесуі өтеді. Біздің мәліметіміз бойынша, шетелден 1500-ге жуық жанкүйер келеді екен. Біз сол жерде кітапты жаппай сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл кітап негізінен қазақ оқырмандарына емес, шетелдік жанкүйерлерге арналған. Олар «Дайдидау» әнін жақсы біледі. Тіпті ресейлік журналистер де бұл туралы айтып жүр. Сол себепті біз де өзіміздегі дүниелерді көрсетіп, өзге тілдегі оқырмандарға жеткізуді мақсат еттік. Осы кітап арқылы олар әннің тарихымен танысып, ұлттық құндылықтарымызды таниды, — деді Абылай Маудан.
Айта кетейік, жақында Димаш Құдайберген «Тау ішінде» әніне бейнебаян түсірген еді.
Одан бөлек, Бразилияда Димаштың суретімен безендірілген автобустар пайда болды.