ДДСҰ: Газа секторында халықтың денсаулығына төнетін қауіп артып барады
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль екі айға жуық уақыттан бері осы аймаққа гуманитарлық және медициналық көмек көрсетуге кедергі жасап келеді, деп хабарлайды Анадолы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) өкілі Маргарет Харрис мәлімдегендей, Газа секторында екі айға жуық уақыт бойы гуманитарлық және медициналық көмектің болмауы халық денсаулығына тікелей қауіп төндіріп отыр.
Ол «Анадолу» агенттігіне берген сұхбатында Израильдің шектеулері салдарынан маңызды жүктердің аймаққа жеткізілмей жатқанын атап өтті.
— Газа тұрғындары бүгінде тамақтан, таза ауызсудан, баспанадан және медициналық көмектен толықтай айырылған, — деді ол.
Харрисдің айтуынша, ауруханаларға жасалған шабуылдардан кейін адамдар емделуге баруға қорқады.
Харрис медицина мекемелерінде қажетті құрал-жабдықтардың өткір тапшылығы байқалатынын айтты:
— Дәрігерлерде қан, система, жараны тазалайтын мақта тампондар мен антибиотиктер жетіспейді. Бұлар аса маңызды, бірақ қолжетімсіз, — деді Харрис.
Ол көптеген зардап шеккендердің жарақаттары инфекция жұқтыру қаупін арттыратынын айтты, әсіресе адамдар үйінді астында немесе антисанитарлық жағдайларда қалған кезде.
— Адамдар дұрыс тамақтанбайды, тығыз орналасқан жерлерде тұрады, бұл жұқпалы аурулардың таралуына әкеліп соғады. Таза су жетіспеушілігінен диарея секілді аурулар жиі кездеседі, — деді Харрис.
ДДСҰ мәліметінше, Газа секторында 21 аурухана мен 4 дала госпиталі ішінара жұмыс істеп тұр, бірақ олардың ешбірінде жеткілікті төсек-орын жоқ.
— Медициналық қызметкерлер пациенттерді толық сауығуына дейін емдей алмай, кейде дәліздерде көмек көрсетуге мәжбүр, — деді Харрис.
Ол мұндай жағдайда жарақаттан қайтыс болу қаупі айтарлықтай жоғары екенін ескертті.
Харристің айтуынша, ДДСҰ-ның Газада арнайы тобы мен екі медициналық қоймасы бар, олар келісім кезеңінде дайындалған. Алайда блокадаға байланысты 16 жүк көлігі шекарадан өте алмай тұр.
— Бізде бәрі таусылуға жақын. Бұл өте үлкен қауіп, — деді ол.
Харрис ДДСҰ кез келген жағдайда Газада қалатынын және жұмысын жалғастыратынын айтты.
— Біз тек көмек жеткізумен шектелмейміз. Жұқпалы аурулардың таралуын бақылап, науқастарды эвакуациялауды да ұйымдастырамыз, — деді ол.
Газаға шамамен 3 мың гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігі шекаралардың жабық болуына байланысты аймаққа кіре алмай отырғаны туралы жазған едік.