ДДҰ Түркия мен Сирияның денсаулық сақтау саласына $84,5 млн бөлуге үндеді

ЖЕНЕВА. АНАДОЛЫ - ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік қауымдастықты зілзаладан зардап шеккен Түркия мен Сирияның денсаулық сақтау саласын қолдау үшін 84,5 млн доллар бөлуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

ДДҰ Түркия мен Сирияның денсаулық сақтау саласына $84,5 млн бөлуге үндеді

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен кейін денсаулық сақтау саласындағы қажеттіліктерге шұғыл негізде 84,5 млн доллар бөлуге шақырады», - делінген ұйым таратқан хабарламада.

Мәлім болғандай, бұл қаражат аталған елдерге жіберілетін дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталады.

Еске салайық, 6 ақпанда Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.

Президент Режеп Тайып Ердоған табиғи апат құрбандарына байланысты Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.

Соңғы деректер бойынша зілзала құрбандарының саны 39,6 мыңнан асты.