Дебора Робинсон: АҚШ Қазақстанның көпвекторлы саясатын қолдайды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Дебора Робинсон Silk Way телеарнасына эксклюзив сұхбат беріп, еліміздегі дипломатиялық миссиясына, АҚШ-тың сыртқы және тариф саясатына, сонымен қатар өзге де өзекті мәселелерге қатысты сауалдарға жауап берді. 

Дебора Робинсон: АҚШ Қазақстанның көпвекторлы саясатын қолдайды
Фото: видеодан алынған скрин

– Робинсон ханым, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Рұқсат етсеңіз, жеке сауалдан бастасақ. Сіз – тәжірибелі дипломатсыз, көптеген елде жұмыс істедіңіз. Қазақстанға келген сәтіңізде сізді таңғалдырған ең тосын жайтты айтып бересіз бе?

– Қызықты сауалыңызға рақмет. Шынын айтқанда қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін таяуда ғана білуім – мен үшін ең тосын жайт болды. Бұл жайында жуырда, елдің оңтүстігіне барған кезімде білдім. Жабайы қызыл қызғалдақ алқабына тап болғанымда ол көкжиекке дейін жайқалып жатты. Нағыз таңғажайып әсерге бөлеген көрініс еді.

– Тамаша. Ал қазіргі уақытта сіздің Қазақстандағы жеке дипломатиялық миссияңыз қандай?

– Қазақстанда жұмыс істегеніме қуаныштымын. Біраз уақыттан бері өңірмен жұмыс істеп келемін. 10 жыл бұрын С5+1 тұғырнамасының – АҚШ пен Орталық Азия елдері дипломатиялық бастамасының бірінші үйлестірушісі болдым. Сол уақыттан бері Өзбекстанда, Ауғанстанда, Пәкістанда, Үндістанда жұмыс істедім. Сонымен қатар америкалық генералдың сыртқы саяси кеңесшісі лауазымында болып, біз бірге өңірге келетінбіз. Сондықтан аймақты жақсы білемін. Осы білім мен тәжірибе өңірдегі шынайы жағдайда барынша дұрыс бағдар жасауыма көмектесіп келеді. Бұл елдегі менің миссияма келер болсақ, Құрама Штаттары тарихи тұрғыда адами байланыс, қауіпсіздік мәселелері мен сауда-экономикалық байланыстарға баса мән береді. Қазақстанмен осы мұраны нығайта түсуге үлесімді қосқым келеді.

– Рақмет. Енді АҚШ-тың сыртқы саясатына ойыссақ. Қазақстан сынды елдер Вашигтонның Мемлекеттік департамент бюджетін, елшіліктер санын және БҰҰ мен НАТО сынды ұйымдарды қаржыландыру көлемін қысқарту ниетін қалай қабылдағаны жөн?

– Өте өзекті мәселе. Дегенмен АҚШ-тың сыртқы саясатының стратегиялық бағыты өзгеріссіз қалады. Оның негізі – бұл мығым серіктестік қарым-қатынас, ортақ құндылықтар және өзара құрмет.

Бұл қағдиаттар көптеген онжылдық бойы америкалық дипломатияның негізі болып келеді және ол өзгермейді. Біз сенімді одақтастармен және тиімді халықаралық ұйымдармен мықты серіктестік Американы қуатты әрі қауіпсіз қыла түседі деп санаймыз. Президент Трамп та америкалық мүддені ел ішінде де, шетелде де қорғау басымдық екенін атап өтеді. Бұл ретте АҚШ әлі де болса өзінің достары мен одақтастарына, оның ішінде Қазақстан сынды елдерге арқа сүйейді.

– Демек, Ақ үйге кім келсе де жалпы бағыт сақталады ғой. Солай ма? 

– Әр Президенттің өз басымдығы, өзіндік акценті бар. Бірақ америкалық дипломатияның іргетасы мызғымайды әрі бір әкімшіліктен екіншісіне беріледі.

Дебора Робинсон: АҚШ Қазақстанның көпвекторлы саясатын қолдайды
Фото: видеодан алынған скрин

– АҚШ Орталық Азиядағы рөлін қалай бағалайды? Бұл Ресей және Қытаймен бәсекелестік немесе тәуелсіз күн тәртібін ұсынуға тырысу емес пе?

– Жақсы сауал, маған өте жиі қойылады. Былай дер едім: мәселе бәсекелестікте емес. АҚШ бұл жерге өзінің мүддесін білдіру және өзара тиімді салаларда серіктестік қатынас орнату үшін келді. Біз өңірде ұзақ уақыттан бері жұмыс істейміз және мығым байланысты сақтауға ниеттіміз. Орталық Азия мықты, біріктірілген өңір болуы тиіс деп санаймыз. Биыл С5+1 форматының іске қосылғанына 10 жыл толады. Мемлекеттік хатшы Рубио бұл формат барынша бейбіт әрі гүлденген Орталық Азияға қол жеткізу үшін құрылған платформа екенін атап өткен болатын. Өңірлік ықпалдастықтан бөлек, білім беру бастамаларын, ағылшын тілінде оқытуды, технология мен қауіпсіздік саласындағы серіктестікті қолдаймыз. Бұл жерден бірегей мүмкіндікті көріп отырмыз әрі оны өңір мен АҚШ игілігі үшін жүзеге асырғымыз келеді. 

– Егер нақты АҚШ пен Қазақстан жайында сөз қозғар болсақ, онда бұл қарым-қатынас соңғы онжылдықта қалай дамыды?

– Қазақстан Тәуелсізідк алған сәттен – 30 жылдан астам уақыттан бері АҚШ-тың сенімді әрі негізгі серіктесі болды, болып та қала береді. Егер Вашингтонда Қазақстанға қатысты қандай да бір өзгеріс болса, онда ол Қазақстанның мұнан да ары маңызды серіктес бола түскендігі ғана. Өзара мүдденің жаңа салаларынан аша береміз. Бұл – сауда мен инвестиция, аса маңызды минералдар, энергетика, инфрақұрылым. Біз осы байланыстарды нығайта түсуге және елдеріміз барынша қауіпсіз болып, өркендеуі үшін бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз.

– Бүгінде әлем күрделі кезеңді бастан кешіріп жатыр: соғыс, жанжал, поляризация. АҚШ Қазақстанға қандай белгі бергісі келеді? Бір тарапты таңдау ма, әлде бейтараптықты сақтау ма? 

– АҚШ Қазақстаннан бір тарапқа таңдау жасауды сұрамайды. Керісінше, біз оның көпвекторлы саясатын қолдаймыз. АҚШ Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын нық қолдайды. Мемлекеттік хатшы Рубио осыдан бірнеше апта бұрын Сыртқы істер министрі Нұртілеумен телефон арқылы тілдесу барысында дәл осыны растады. Біз Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясат ұстануға ұмтылысын қолдаймыз және ол АҚШ-пен мықты қарым-қатынасқа толығымен сай келеді деп санаймыз. Бұл – бір-бірін жоққа шығаратын емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын бағыт.

– Ал мұндай қолдау іс жүзінде қалай көрсетіледі?

– Бизнесте, білім беру мен технологияда бірлескен жобаларды үнемі іздестіріп, жүзеге асырамыз. Ең бастысы – екі елдің азаматтарының, компаниялар мен үкіметтерінің игілігіне арналған бастамаларды бірлесіп дамытуға болатын жағдай жасау. Бұл екіжақты мығым қарым-қатынастың негізі де.

– Сауда мен тариф жайында сөз қозғасақ. АҚШ-тың бұл саладағы ұзақмерзімді стратегиясы қандай? Вашингтонның жаһандық сауда-саттықты қайта құру ниеті шын ба?

– Ақүй халықаралық сауда-саттық әділ, теңгерімді болатындай, америкалық халықтың, бизнестің, өнеркәсіп пен ұлттық қауіпсіздіктің мүддесін қорғайтындай жасағысы келеді. АҚШ әділ әрі ашық орта құру әдістерін бөлісетін сауда серіктестерін қолдайды. Теңгерімсіздікті жойып, нарықты барынша болжамды жасауға ұмтылады. Аталған тәсіл инвесторларға өзін сенімді сезінетін жағдай жасайды. Ұзақмерзімді келешек үшін бұл бәріне тиімді болады.

– Бұл Қазақстанмен экономикалық байланысқа қалай әсер етуі мүмкін?

– АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-саттықтың негізгі бөлігі тарифке ілікпейтін санатқа кіретінін түсіну аса маңызды. Дегенмен Қазақстанды халықаралық тәжірибеге сай келетін жағдай жасауын жалғастыра беруге шақырамыз. Бұл америкалық компанияларды көптеп тартуға мүмкіндік береді. АҚШ бизнесі өзінің инвестицияның қорғалатындығына сенімді болғысы келеді. Ақ үй де барлық компанияда бірдей жағдай болуы үшін теңгерімсіздікті теңестіруге, ал біздің жағдайда америкалық компаниялар өзін сенімді сезіне білуі үшін дәл осыған ұмтылады.

– Алайда, Қазақстан тауарларына тариф өңірлердегі елдердің арасында ең жоғарылардың бірі болып тұр – 27 пайыз. Неліктен бұлай?

– Бұл – елдеріміз арасында сауда-саттық құрылымымен байланысты. Ақүйдегі есептеулер барысында өңірдегі өзге елдермен салыстырғанда дәл Қазақстанмен саудадағы ең үлкен теңсіздік анықталып отыр. Және де АҚШ-тың мақсаты – осы жағдайды теңестіру.

– Ақпанда Конгрес Джексон-Вэник түзетулерін тағы талқылаған болатын. Осы мәселенің күн тәртібіне қайта шығарылу мүмкіндігі бар ма?

– Конгресс атынан сөйлей алмаймын.. Өйткені, бұл тек оның ғана құзіретіндегі мәселе. Конгрес қана Қазақстанға қатысты түзетулерді жою туралы шешім қабылдай алады. Мемлекеттік департамент тарапынан біз Қазақстанды қоса алғанда барлық елмен ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдайды. Бірақ, бұл мәселеге қатысты қосымша ақпарат алу үшін тікелей Конгреске жүгінген жөн.

– АҚШ аса маңызды минералдарға белсенді түрде инвестиция салып келеді. Америкалық компаниялар Қазақстанның әлеуетіне, әсіресе сирек кездесетін металдар саласына қаншалықты қызығушылық танытады?

– Қызығушылық жоғары екені сөсіз. Қазақстан айтарлықтай мол қорға ие және бұл елді америкалық компания үшін тартымды қыла түседі. АҚШ біраз уақыттан бері Қазақстанмен осы салада, әсіресе тау-кен өндіру саласында ынтымақтастықты жолға қойған. Америкалық компанияларды, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындармен серіктестік негізінде жұмыс істейтіндерді қолдаймыз. Таяуда Астана өткен MINEX форумында сөз сөйлеп, Қазақстанды АҚШ-тан келетін инвесторлар үшін мұнан да көп тартымды қылу үшін не істей алатынымыз жайында айттым. Елшілік бизнесті тарту бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Кейінгі 2 жылда 3 сауда миссиясын өткізсек, келесі жылы тағы екеуін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сирек кездесетін металл секторы осынау ынтымақтастықтың негізгі бағытына айналарына сенім артамыз.

– Америка халқының атынан Қазақстан халқына қандай жолдау жолдар едіңіз?

– Мынаны айтар едім: Құрама Штаттар Қазақстанның егемендігін, Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын, сонымен қатар сауда және экономикалық байланыстарды нығайтуды қолдайды. Біз елдеріміз бен халықтарымыз үшін жарқын әрі өркениетті болашақты бірге құрғымыз келеді.

Соңғы жаңалықтар