DeepSeek $7,4 млрд инвестиция тартып, Қытайдағы ең қымбат ЖИ-стартап атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың жасанды интеллект әзірлеушісі DeepSeek алғашқы инвестициялық раунд аясында $7,4 млрд-тан астам қаржы тартты. Мәміледен кейін компанияның құны $50 млрд-тан асып, оны Қытайдағы ең қымбат жасанды интеллект стартапына айналдырды, деп хабарлайды Reuters.
Қаржыландыру DeepSeek негізін қалаушы Лян Вэньфэннің компанияны бақылауда ұстауына мүмкіндік беретін арнайы схема бойынша ұйымдастырылған.
Инвесторларға қаржыны тікелей компанияға емес, стартап басшысы басқаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы салу ұсынылды.
Сонымен қатар инвестициялық раундқа қатысушылар бес жыл бойы өз үлестерін сата алмайды және корпоративтік шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беру құқығына ие болмайды.
Бұл талаптар Қытайдың Жасанды интеллект жөніндегі ұлттық инвестициялық қоры үшін қолданылмады. The Information басылымының мәліметінше, қор DeepSeek-ке тікелей инвестиция салып, дауыс беру құқығын және өз үлесіне еркін иелік ету мүмкіндігін сақтап қалған.
Бұған дейін Reuters Лян Вэньфэннің осы инвестициялық раундқа өз қаражатынан шамамен 20 млрд юань (шамамен $2,8 млрд) салғанын хабарлады.
Ықтимал инвесторлар қатарында қытайлық технологиялық алпауыт Tencent пен аккумулятор өндіру бойынша әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі CATL аталды. Дереккөздердің мәліметінше, Tencent шамамен 10 млрд юань, ал CATL 5 млрд юань көлемінде инвестиция салу мүмкіндігін қарастырған.
DeepSeek V3 және R1 модельдерін таныстырғаннан кейін әлемдік технология нарығының назарын аударды. Бұл модельдердің мүмкіндіктері Кремний алқабында жоғары бағаланып, Қытай мен АҚШ арасындағы жасанды интеллект саласындағы бәсекені күшейтті.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қаңтарында DeepSeek стартапының жаңа әзірлемесінің іске қосылуы әлемдік жасанды интеллект нарығында үлкен резонанс тудырған еді. Қосымша іске қосылғаннан кейін бірнеше сағат ішінде App Store дүкеніндегі тегін қосымшалар рейтингінің көшбасшарына айналып, америкалық технологиялық компаниялардың акцияларының құлдырауына әсер етті.
Сондай-ақ қытайлық телеком-операторлар өз қызметтеріне DeepSeek ЖИ моделін біріктіргенін жаздық.
Бұған қоса DeepSeek ЖИ-дің жаңа тәжірибелік үлгісін таныстырды.