DeepSeek негізін қалаушы Қытайдың ең бай 10 кәсіпкерінің қатарына енді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайлық DeepSeek жасанды интеллект әзірлеуші компаниясының негізін қалаушы Лян Вэньфэн Hurun зерттеу институты жасаған Қытайдың ең бай кәсіпкерлері рейтингінде алғаш рет жетінші орынға жайғасты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Основатель DeepSeek вошел в топ-10 богатейших бизнесменов Китая по версии Hurun
Фото: Hurun

41 жастағы кәсіпкер 2026 жылғы рейтингке жаңадан енген 263 адамның ішіндегі ең байы атанды.

Hurun институты Лян Вэньфэннің байлығын 280 млрд юаньға (42 млрд доллар) бағалаған. Бұл ретте есептеу кезінде 1 қыркүйектегі активтер құны негізге алынған.

Hurun өкілдерінің түсіндіруінше, бұған дейінгі рейтингке Лян Вэньфэн енгізілмеген. Бұған оның DeepSeek жобасын коммерцияландырудан бас тартатыны туралы мәлімдемесі себеп болған.

Ал жаңартылған есепте зерттеу институты компанияның құнын 50 млрд доллардан жоғары бағалады.

Hurun зерттеу институты жыл сайын Қытайдың ең бай адамдарының рейтингін жариялап отырады. Бұл тізім Forbes рейтингінің Қытайдағы баламасы саналады әрі елдің жеке секторындағы байлық көлемін бағалаудағы негізгі көрсеткіштердің бірі болып есептеледі.

Бұған дейін АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі азаматтық мемлекеттік мекемелерге қытайлық DeepSeek платформасын және оның негізінде әзірленген барлық сервисті мемлекеттік жүйелерден алып тастауды тапсырды.

Сонымен қатар DeepSeek $7,4 млрд инвестиция тартып, Қытайдағы ең қымбат ЖИ-стартап атанғанын жазғанбыз.