Декларация тапсыруға міндетті тұлғалардың 70 пайызы оны жеңілдетілген тәртіппен тапсырады

Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаевтың айтуынша, жалпыға бірдей декларациялауға көшудегі басты мақсат көлеңкелі экономикамен және жемқорлықпен күрес бойынша жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктеріне тиімді бақылауды қалыптастыру болып табылады.
Бұдан бөлек, декларация нәтижесінде мемлекеттің салық пен бюджетке аударылатын басқа да түсімдерді жинаудағы мемлекеттің рөлін күшейту қамтамасыз етіледі. «Жалпыға ортақ декларациялау кәмелеттік жасқа толған барлық азаматтарға, оралмандар мен тұрғылықты мекенжайға ие тұлғалардың бәріне қатысты болады. Ал шетелдіктер мен кәмелеттік жасқа толмағандардың декларациясы егер оларда мүлік болғанда немесе Қазақстаннан табыстар алатын болса қарастырылады», - деді вице-министр.
Оның айтуына қарағанда, 2017 жылдан бастап, кезең-кезеңімен енгізілетін декларациялауда бірінші кезекте мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің, ұлттық компаниялар мен холдингтердің, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері тапсыратын болады. Екінші кезең бойынша 2020 жылға қарай еліміздің барлық жеке тұлғалары декларация тапсырады.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, есептеулер бойынша декларация тапсыруға міндетті тұлғалардың 70 пайызы оны жеңілдетілген тәртіппен өткізеді. «Бүгінгі күні декларация тапсырудың үш тәсілі қарастырылған: қағазбен пошта арқылы, қағазбен өзі тікелей барып, үшіншісі электрондық декларация. Қазақстанда 215 декларациялар қабылдау және өңдеу орталықтары бар. Оларда 2097 қызметкер жұмыс істесе, олардың тек 220-сы ғана салықтық есептілікпен айналысады», - деді А. Теңгебаев.
Жиын қорытындысы бойынша фракция жалпыға бірдей декларацияны табысты енгізу үшін Үкіметке бірқатар ұсынымдар қабылдады.