Делиге бет алған Lufthansa ұшағы Бакуге шұғыл қонды
АСТАНА. KAZINFORM – Франкфурттен Делиге бағыт алған Lufthansa әуе компаниясының ұшағы техникалық ақауға байланысты Бакуге шұғыл қонды, деп хабарлайды Report басылымы.
Басылым мәліметінше, 25 тамызда Франкфурт – Дели бағыты бойынша LH760 рейсін орындаған Lufthansa ұшағының командирі Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайға шұғыл қонуға рұқсат сұраған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәлім еткендей, бұған әуе кемесінің бортындағы техникалық ақау себеп болған.
Boeing 787 ұшағы Баку уақытымен сағат 23:26-да Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайға сәтті қонды.
Әуежайдың тиісті қызметтері барлық қажетті шараны қабылдады. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Еске салайық, бұған дейін Арқалыққа тұрақты әуе рейстері 33 жылдан кейін қайта жанданғаны хабарланды.
Сондай-ақ Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға рейстердің тоқтатылуын 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартқаны хабарланды. Бұдан бөлек, FlyArystan Ақтау – Дубай – Ақтау бағытындағы рейстерді уақытша тоқтату мерзімін 15 қыркүйекке дейін ұзартты.