Демалыс күндері Медеу-Шымбұлақ бағытындағы автобустар 01:35-ке дейін жүреді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Демалыс және мереке күндері қала ішінен Медеу мен Шымбұлаққа қарай қатынайтын №12 автобустарға жолаушылар сыймай қалып жатады. Бұл бағыттағы қоғамдық көлікте адамдардың таласа мінген бейнежазбалары әлеуметтік желіде жиі тарайды. Осы орайда, Kazinform тілшісі Қалалық мобильділік басқармасынан аталған бағыт бойынша жаңа автобус маршрутын жүргізу қаншалықты мүмкін екенін сұрады.

Басқарма жауабына сәйкес, «Алматы-1 вокзалы – Медеу» бағытындағы №12 маршрутқа «Алматыэлектротранс» ЖШС коммуналдық автобус паркі қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында, 2024 жылдың басында маршруттың жылжымалы құрамы 2023 жылғы жаңа Yutong маркалы автобустармен жаңартылған.
Сондай-ақ бұрын жұмыс күндері маршрутта 12 автобус, демалыс және мереке күндері – 16 автобус қызмет көрсетсе, қазіргі уақытта, сырғанау маусымының ашылуына және «Медеу» келушілерінің артуына байланысты маршрут қосымша 4 автобуспен күшейтілген. Осылайша, жұмыс күндері маршрутта 16 автобус, демалыс және мереке күндері 20 автобус қатынайтын болды.
- Маршруттың жұмыс уақыты жұмыс күндері 23:35-тен 01:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 24:00-ден 01:35-ке дейін ұзартылды. Бүгінгі күні қосымша маршрут ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, - деп хабарлады Қалалық мобильділік басқармасынан.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы «Алма-Арасан» радон көзі жаңартылатыны туралы жазғанбыз.