Демалыста желіге салған фото: пәтер тонаушылардан қалай қорғану керек
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде өзекті мәселелердің бірі - пәтер ұрлығы. Қылмыскерлер үйге кірудің түрлі тәсілдерін меңгерген. Кейде қожайынның өзі де аңдаусызда ұрылардың жұмысын жеңілдетіп береді. Пәтер ұрылары тонайтын үйді қалай таңдайды, қандай қателіктер мүліктен айырылуға әкелуі мүмкін және баспананы қаскөйлерден қалай қорғауға болады – осы мәселелерді зерттеп көрген едік.
Пәтер ұрысы тонайтын үйді қалай таңдайды
Халық арасында пәтер ұрлығы аяқ астынан жасалады деген түсінік бар. Бірақ бұл қате пікір. Кейде қылмыскерлер ықтимал құрбандарын біраз уақыт аңдып, олардың күн тәртібін зерттейді және пәтердің қаншалықты қорғалғанын бақылайды.
– Мол ақша, бағалы әшекей бұйымдар және басқа да құнды заттар болуы мүмкін пәтерлер, әдетте, қылмыскерлердің назарын аударады, – деді Қостанай облысы Полиция департаменті Оңтүстік полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Дамир Раисов.
Дегенмен, ұрлық кейде аяқ астынан да жасалады. Мәселен, құлыпталмай қалған есік, ашық қалған терезе қолының сұғанағы бар кісілерді қылмыс жасауға итермелеуі ықтимал.
Полицейлер бөтен адамдарға бір жаққа жол жүргелі жатқаныңызды айтпау керегін және кіреберіс пен пәтер маңында жүрген күдікті бейтаныс жандардан сақ болуды ескертеді. Алайда олармен өзіңіз жанжалдасып, өз бетіңізше ұрыны анықтауға тырыспағаныңыз абзал.
Тонаушы коммуналдық қызметкер кейпінде келуі мүмкін бе
Дамир Раисовтың айтуынша, кей жағдайда ұрылар тұрғындардың сенімін пайдалану арқылы пәтерге кіреді.
Телефон алаяқтары сияқты ұрылар да өзін коммуналдық және әлеуметтік қызметтердің, жөндеу ұйымдарының немесе басқа да мекемелердің қызметкері болып таныстыруы мүмкін. Олар жабдықты тексеру, есептегіш көрсеткіштерін алу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу деген секілді сылтаулармен үйге кіруге тырысады.
– Әсіресе алдын ала ескертусіз келетін, есікті дереу ашуды талап ететін немесе келу мақсатын түсіндіруден бас тартатын бейтаныс адамдарға сақтықпен қарау керек, – деді ол.
Сонымен қатар, ескеретін тағы бір дүние бар. Егер есігіңізді қаққан адам сізге қызметтік куәлігін көрсетсе, ол шүбәсіз сол ұйымның қызметкері дегенді білдірмейді. Мұндай жағдайда коммуналдық немесе басқа қызметтің ресми телефон нөміріне өзіңіз хабарласып, көрсетілген мекенжайға маман жіберілгенін немесе жіберілмегенін нақтылау қажет.
Демалыста түскен фотолар неге қауіпті болуы ықтимал
Жұрт жиі жіберетін қателіктің бірі – үйде ұзақ уақыт болмайтыны туралы ақпаратты жариялау. Жағажайда немесе тауда түскен фотоға әлеуметтік желіде достарыңыз жаппай лайк басып қана қоймай, ол арам пиғылды адамдардың да назарына ілігуі мүмкін.
– Әлеуметтік желіде алдағы демалыс, шетелге сапар немесе ел ішіндегі саяхат туралы жазу арқылы адамдар пәтерінің белгілі бір уақыт бойы бос қалатынын өздері хабарлайды. Мұндай жазбаларды достары мен туыстары ғана емес, онлайн әлемдегі бөгде пайдаланушылар да көреді, – деп түсіндірді полицей.
Құқық қорғау органдары сын-қатерлердің алдын алу үшін демалыста түскен фотолар мен әсерді үйге оралғаннан кейін жариялауға кеңес береді. Қазіргі тілмен айтқанда, демалыстың әр сәтін дәл сол уақытта сезініп, суреттерді әлеуметтік желіге кейінірек бөліскен дұрыс.
Бұған қоса, үйден ұзақ уақытқа кетер алдында сенімді туыстарыңыздан немесе көршілеріңізден пәтерді оқтын-оқтын тексеріп, пошта жәшігіндегі хаттарды алып тұруды сұраған жөн. Ал қосалқы кілтті есік алдындағы төсеніштің астына, пошта жәшігіне немесе басқа да оңай табылатын жерлерге қалдыруға болмайды.
Камералар мен қымбат құлыптар пәтерді қорғай ала ма
Мамандар тұрғын үй қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше қорғаныс тәсілін қатар қолдануды ұсынады.
Ең алдымен, кіреберіс есік пен құлыптардың сенімділігіне көз жеткізу қажет. Әсіресе төменгі қабаттардағы пәтерлердің терезелері мен балкондарына ерекше назар аударған жөн. Дабыл жүйесі, бейнебақылау камералары және домофон қосымша қауіпсіздік шаралары саналады.
Алайда заманауи техникалық құралдардың өзі ұрлықтың толықтай алдын ала алмайды. Олардың негізгі міндеті – қылмыскерлердің үйге кіруін қиындату және тонау фактісі болған жағдайда оның мән-жайын анықтауға көмектесу.
Көршілермен жақсы қарым-қатынаста болу да маңызды. Өйткені, үй иелері болмаған кезде пәтер маңындағы күдікті әрекеттерді алғаш болып солар байқауы мүмкін.
Пәтер есігі бұзылған болса, не істеу керек
Егер үйге оралғанда есік құлпының бүлінгенін, қасақана бұзу іздерін немесе заңсыз кірудің басқа белгілерін байқасаңыз, бірден ішке кірмеңіз. Қылмыскер әлі де пәтердің ішінде болуы мүмкін.
Мұндай жағдайда қауіпсіз жерге барып, полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласу қажет.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері келгенге дейін есіктің тұтқасын, құлыпты және қылмыс іздері сақталуы мүмкін басқа да заттарды ұстамаған дұрыс.
Егер пәтерге кіріп, ұрымен бетпе-бет келсеңіз, ең бастысы – оны өз бетіңізше ұстауға тырыспаңыз. Әсіресе, қылмыскердің қаруы болса және сізге шабуыл жасайтынын аңғарсаңыз, оны одан әрі ерегістірудің керегі жоқ. Мүмкіндік болса, қауіпсіздігіңізді ойлап, ретін тауып үй-жайдан шығып, полицияға күдіктінің сыртқы белгілерін және қай бағытқа қашқанын хабарлау қажет.
Бұзу іздері жоқ ұрлық: қылмыскерді табуға бола ма
Дамир Раисовтың айтуынша, кейде пәтерден ақша, әшекей бұйымдар немесе техника жоғалып кетеді, бірақ есік пен терезеде бұзылмаған болып шығады. Тіпті үй иелері заттарының жоғалғанын бірнеше күн өткен соң ғана байқап жатады.
Алайда бұзу іздерінің болмауы ұрлықтың ашылмай қалатынын білдірмейді. Мұндай жағдайда полицияға мүмкіндігінше тезірек хабарласып, мүліктің қандай жағдайда жоғалғанын егжей-тегжейлі түсіндіргеніңіз абзал. Тергеу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, көршілер мен куәгерлерден жауап алуы, сондай-ақ пәтерге кіруге мүмкіндігі болған адамдар туралы мәліметтерді тексеруі мүмкін.
Сонымен қатар, ұрланған мүлікке қатысты құжаттар, фотосуреттер, техниканың сериялық нөмірлері және жоғалған заттардың соңғы рет қай уақытта орнында болғаны туралы ақпараттың маңызы зор.
Ал егер жәбірленуші нақты бір адамнан күдіктенсе, бұл туралы полиция қызметкерлеріне хабарлағаны және себебін түсіндіргені жөн.
Сөзінің түйінінде маман пәтерді қылмыскерлерден толықтай қорғайтын әмбебап әрі мінсіз тәсіл жоқ екенін атап өтті. Дегенмен, тұрғын үй қауіпсіздігіне мұқият қарау, үйге келген бейтаныс жандарды тексеру және ғаламторда жеке ақпаратты жариялағанда сақ болу секілді амалдар пәтер ұрлығының алдын алуға көмектеседі.
Айта кетейік, бұған дейін Пәтер ұрыларынан қалай қорғану керек екенін жазғанбыз.