08:32, 03 Маусым 2013 | GMT +5
Демалыс күндері екі қыз суға батып кетті
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Еліміздің үш облысында өткен демалыс күндері екі бала және ер адам суға батып кетті.

Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Алматы облысының Ашыбұлақ ауылындағы «Локатор-9» тоғанында сағат 11.30 шамасында суға шомылған 49 жастағы ер адам тұншығып қалған. 25 минуттан кейін жергілікті тұрғындардың күшімен оның денесі судан шығарылды.
Қызылорда мен Қарағанды облыстарында абайсызда 8 және 2 жастағы қыздар өзенге құлап, батып кеткен. Мәйіттерді судан олардың туыстары мен жергілікті тұрғындар шығарды.
Сонымен қатар 2013 жылдың 31 мамырында Жамбыл облысының «Аса-Талас» суару арығына батып кеткен 59 жастағы ер адам бойынша қосымша мәлімет анықталды. Оның мүрдесі ҚР ТЖМ Жамбыл облыстық ТЖД суда құтқару қызметінің 16 маманы және 3 техникасы күшімен шығарылды.