Демалыс күндері елордада 20 карантин бұзу жағдайы тіркелді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада карантин режимін бұзғандарды анықтап, жауапқа тарту жалғасып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Бірқатар алдын-алу шарасы көрсетілген қолданыстағы қаулыға қарамастан, қала тұрғындары әлі де ойын-сауық нысандарына, компьютер клубына барудан, достармен бас қосудан тартынар емес. Бейқам тұрғындар санитарлық талаптарды елемей, өзгелерге қауіп төндіруде. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, әкімдік қызметкерлері, еріктілер мен полиция қызметкерлерінен құралған мобильді топ күн сайын карантин режимінің сақталуы бойынша рейд өткізіп жатыр», - деп хабарлады елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Салынған тыйымға қарамастан кеше сағат 23.20-да «Заречный» моншасын тексеру кезінде 25 келушінің демалып жатқаны анықталды.
Сондай-ақ, рейд барысында мониторинг тобы сағат 01.00-де келушілерге қызмет етіп, санитарлық нормаларды бұзған «OpusOne» караоке мейрамханасын әшкереледі.
«Карантин режимін тек ойын-сауық мекемелері ғана бұзбайды. Түнгі рейд барысында мобильді топ тыйым салынған уақытта жұмыс істеген компьютер клубтары мен дүкендерді анықтады. Демалыс күндері полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасымен бірлесіп, 107 кәсіпкерлік нысанын тексерді және 20 карантин бұзу жағдайын тіркеді. Барлық материал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабымен әкімшілік жауапқа тарту үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды», - дейді департамент.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті заң бұзғандардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертеді.