Демалыс, мереке күндері еңбекақы төлеу қайта қарастырылады

Бұған қоса, үстеме жұмысқа ақы төлеуді төмендету тәртібі ұсынылып отыр. - Қазіргі кезде әрбір қызметкерге үстеме жұмыс уақытына - кемінде бір жарым есе мөлшерде; мереке және демалыс күндері - кемінде екі есе мөлшерде; түнгі мезгілдегі әрбір жұмыс уақытына - кемінде бір жарым есе және бос тұрып қалу кезінде - қызметкердің орташа жалақысының кемінде 50 пайызы мөлшерінде еңбекақы төленеді. Жаңа кодексте мұндай жағдайларда ұжымдық шарттарға сәйкес, ұлғайту құқығымен қызметкердің тарифтік мөлшерлемесіне байланысты 1,25-тен төмен емес мөлшерде; бос тұрып қалу кезінде - жалақының ең төменгі деңгейінен төмен емес мөлшерде; егер жұмыс берушінің кінәсінен болған жағдайда - қызметкердің орташа жалақысының 50 пайызынан кем болмайтын мөлшерде еңбекақы төлеу белгіленген. Мұндай шаралар, бір жағынан жұмыс берушінің шығындарын азайтады, ол қызметкерді тек өзінің келісімімен жұмысқа шақыра алады. Екінші жағынан, егер жұмысшы мұндай талаптан бас тартатын болса, онда жұмыс беруші еңбекақы көлемін ұлғайтуға және еңбек жағдайларын жақсартуға ұмтылады,- деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.
Айта кетерлігі, жаңа Еңбек кодексінде жұмыс берушінің еңбек шартын бұзуға қатысты негіздемелердің көбеюі депутаттарды да, қоғамды да алаңдатты. Осы сауалға жауап берген Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу тармағында жаңа бес негіздеменің пайда болғанын айтты. Мәселен, кәсіпорынның экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкелген өндіріс көлемінің, орындалатын жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің төмендеу жағдайы. «Бұл ретте қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкерлерді қысқарту «қызметкерлердің саны немесе штатын қысқарту» негіздемесі бойынша іске асырылып келеді (54 баптың 1 тармағының 2 тармақшасы). Мұндай жағдайда қызметкерге бір ай бұрын ешқандай себебі көрсетілмеген хабарлама жолданып, оны жұмыстан қысқартқанда бір айлық жалақысы көлемінде өтемақы төленеді. Қазіргі дағдарыс кезеңін, соған байланысты қызметкерлердің қысқару тәуекелінің жоғарылығын ескере отырып, жаңа негіздеме бөлек шығарылып отыр. Бұл негіздемені жұмыс беруші мынадай жағдайда қолданылуы мүмкін: егер бір мезгілде: құрылымдық бөлімшенің жабылуы (учаске, цех); егер қызметкерді басқа жұмыс орнына ауыстыру мүмкіндігі болмаса; бір ай бұрын хат арқылы (мекеменің экономикалық жағдайымен еңбек шартын бұзу қажеттілігінің тікелей байланысын дәлелдеп) қызметкердің өкіліне хабарлап, жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға құқығы бар. Сондай-ақ, қызметкерді жұмыстан босатқан жағдайда - екі айлық жалақы мөлшерінде өтемақы төленеді»,- деп түсіндірді Б. Нұрымбетов. Оның пікірінше, егер де бұл жаңа негіздемені енгізбесек, бүгінгі жағдайда жұмыс берушілер бұрынғыша қызметкерлерді себептерін түсіндірмей, бір айлық өтемақы төлей отырып, жұмыстан босатады. Демек бір жағынан, жұмыс берушіге экономикалық жағдай негізінде еңбек шартын бұзу құқығы берілсе, ал екінші жағынан қызметкер де жұмыс берушінің заңсыз іс әрекеттерінен сақтанады.