Демеу Жадыраевтың бозкілемге оралатын күн белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев 2025 жылы боз кілемге оралатын болды. 

жадраев
Фото: Olympic.kz

Бұл туралы ұлттық құрама бапкері Қонысбек Төкенов sportbugin сайтына берген сұхбатында айтты.

Төкеновтің айтуынша, 35 жастағы спортшы тамыз айында Германияның Дортмунд қаласында өтетін Гран-при турнирінде бақ сынайды. Дәл осы жарыстағы нәтижесіне қарай оның әлем чемпионатына қатысу-қатыспауы шешілмек.

– Спортшы қазіргі уақытта тығыз дайындық үстінде. Тамызда Дортмундтегі Гран-приге қатысады. Біз оның қазіргі деңгейін сол жерде бағалаймыз. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, әлем чемпионатына қатысатын кандидаттар қатарына енеді. Ал нәтиже болмаса – құрамадан тыс қалады, - деді Төкенов.

Бұған дейін ушу спортынан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алты медаль алғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар