«Демографиялық қауіпсіздік» туралы заң қабылдау қажет - Ж.Әлиев, Мәжіліс депутаты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Демографиялық қауіпсіздік» туралы заң қабылдау қажет. Бұл туралы кеше Зеленов ауданы активімен жүздескен Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, бұл заңның әлеуметтік рөлі басым, маңызы ерекше. «Дүниеге келген әр сәбиге төленетін бір реттік төлем көлемін ұлғайту, өзге де әлеуметтік төлемдерді қайта қарау туралы өзекті ұсыныстарымның күн тәртібіне қайта шығар уақыты таяу. Алдағы күзде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылмақ», деді депутат. Аудан активімен өткен ашық әңгіме барысында ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ел тыныштығын сақтап, бірлік туын нықтай түсу бағытындағы ауқымды істеріне де тоқталды.

Мәжіліс депутаты аталмыш аудандағы«Достық» мәдениет үйіне ат басын тіреп, ұлттық нақышпен киіз үй пішінде безендірілген орталықта болып, ақ жаулықты әжелермен отбасылық, ұлттық, рухани тәрбие төңірегінде ой өрбітті. «Бүгінде барлық қазақстандықтар елдің иесі қазақ ұлтының кеңдігіне, кішіпейілдігіне бас иеді, құрмет тұтады. Тағдырдың жазуымен жерімізге табан тіреген сан ұлыстың баласын бауырға басқан бабаларымыз сол кезден-ақ берекелі бейбітшіліктің киелі қазығын мәңгілікке орнатып кеткен екен. Татулықтың табысқа бастап, ырысымыздың еселене түсеріне дүйім жұрт көз жеткізді. Бұл - ел мен Елбасының толайым табысы. Осы жолдан жазбай, салауатты ұрпағымызды түлетіп, аман болайық, еңбектеріңе табыс тілеймін», - деді Жұматай Әлиұлы. Одан әрі орыс, украин, белорус, татар ұлттық этно-мәдени орталықтары жұмыстарымен танысу барысында да әсерлі әңгімесін сабақтай түсіп, бірлік, ынтымақ, тағаттылық, мемлекеттік тіл жайын қаузады.

Мәжіліс депутаты өңірге сапары барысында облыстағы этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесіп, Елбасымыздың салиқалы саясатына сәйкес елімізде бірлік пен ұлтаралық келісімді одан әрі орнықтыру бағытында бұдан былай да бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін атап көрсетті. Сонымен қатар жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Соңғы жаңалықтар