Демократия мәселесінде қосар стандарт болмау керек — Еуропа Кеңесінің бас хатшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе Астанадағы халықаралық форумда жаңа демократия пактісінің үш негізін атады.

— Демократия қаншалықты ұзақ өмір сүре алады. Алты ай ма, бір жыл ма, екі жыл ма? Біз Астанада, Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің тоғысқан жерінде қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, экономика мәселелерін талқылауға жиналдық. Шынымызды айтайықшы, осының бәрін демократиясыз қамтамасыз ете алмаймыз. Егер демократия күйресе, бәз біреу саяси мүддесі үшін жазасыздықты қалыпты дүниеге айналдырса, есептілік мүмкін емес дүниеге айналса, демократия күйрейді. Ондай жағдайда дезинформация үстемдік құрып, шындық төтеп беру құралы болудан қалады. Сондықтан демократияны қорғауымыз керек, — деді ол.
Форумның мәртебелі мейманы демократияға қорған болмаса, не болатынын Украинадағы, Газа секторындағы жағдайлар көрсеткенін атап өтті.
— Терроризм, көші-қон, сыбайлас жемқорлық, киберқылмыс сияқты факторлар күннен-күнге өзекті болып барады. Олармен күресу керек. Қосар стандарттарды теріске шығару керек. Қосар стандарттан қоғам сенімін сетінетеді. Бізге демократияға төніп тұрған қауіп бар екенін түйсіну керек. Бәлкім оның қатерін толықтай сезініп жатпаған шығармыз. Сондықтан егемендік мүддесі үшін кейбір тыйым ережелері жұмыс істеп тұрған шығар. Кей адамдарды тым қатты кетуге мәжбүрлейтін заңдар қабылданып жатады. Сондықтан қазір жаңа демократиялық пактілер әзірлеп жатырмыз. Бұл пакт үшін негізгі басымдыққа негізделген. Біріншісі — білім беру. Екіншісі — қорғаныс. Үшіншісі — инновация. Бұл жай ғана кезекті бір дағдарыс емес. Ешбір ел, ешбір институт бұл дағдарысты жалғыз еңсере алмайды. Осындай кезеңдерде демократия сияқты құндылықтарды кейінге ысыра тұруға болатын шығар деген ойлар туындап жатады. Бірақ бізге әлемдегі қозғалыстардың беталысын түсіну қажет, — деді Еуропа Кесенің Бас хатшысы.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.
Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.
Бұған дейін форумның мәртебелі меймандар қатарында Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамен, Албания Премьер-Министрі Эди Раманы, Хорватия Республикасының Премьер-Министрі Андрей Пленковичті, Қатар Премьер-Министрі — Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәни бар екені хабарланған болатын.