Демократия өскінінің әлеуеті
Болашақ ядролық қарумен емес, ынтымақтастықпен қамтамасыз етіледі
Әлем өзгеруде. Елеулі экономикалық қатерлер мен халықаралық қауіпсіздік проблемалары жағдайында жаңа альянстар қалыптасуда. Жаһандық сауда-экономикалық үдерістер және мемлекеттер арасындағы тығыз өзара іс-қимылдар шекараларды ашып, өзара қарым-қатынастарды тереңдетуде және жаңа мүмкіндіктерді ашуда. Басқа да көптеген елдер сияқты демократия өскіні - Қазақстан болашаққа тарихтың күрделі сабақтарына негізделген тұрғыда абайлап оптимизммен қарайды. Саясаттың қашан да салдары болады; альянстар іс-қимылға ерік беруі де, одан айыруы да мүмкін. Супердержавалардың Президенттері Барак Обама мен Дмитрий Медведев сияқты көшбасшылары біздің бәрімізге ықпал ететін күштер мен үдерістерді іске қосып, бір сәтте ондаған жылдарға кері бұрып, жатқа айналдыра алады.
Ресей, Қытай, Иран және Ауғанстан арасында тұрған Қазақстан мен Орта Азия мұндай ықпалдың салдарын басқалардан гөрі көбірек сезінеді. Мұнда Ресей, Құрама Штаттар және Қытай сияқты елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың болар-болмас салқыны қуатты дауыл тұрғызуы мүмкін, сондықтан да әрқашан да бұл қарым-қатынастардағы рөліміз бен ықпалымыз туралы бізді үнемі ой қорытып отыруымызға мәжбүрлейтіні сөзсіз.
Кейбір қызба елдер өздеріне көбірек назар аудартып, ығына көндіру үшін қарумен сес көрсетуге құмар. Әрине олардың тактикасы халықаралық жаңалықтардың бел ортасында болуға мүмкіндік береді. Ал басқа бір елдер Америка мен батыстық демократияға барынша қыр көрсетіп, ядролық державалар клубындағы орыннан дәметіп, одан кейін стратегиялық прессингінің келесі раундысына дейін әліптің артын бағады. Қазақстан сияқты демократияның жас өскіндері үнемі БАҚ назарында болмаса да, әлемдік аренада өз рөліне жауапкершілікпен қарайды, ал бұл барлық бостандық сүйгіш елдердің игілігі үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Президенттер Б.Обама мен Д.Медведевтің өз елдерінің ядролық арсеналдарын үштің біріне қысқару жөніндегі бастамалары Қазақстанның осындай рөлін қайтадан еске салып отыр. Бұл арсеналдардың бүгінгі мөлшеріне біздің жас демократиямыздың бұдан дәл 18 жыл бұрын қабылдаған Семей ядролық сынақ полигонын жабу және одан кейінгі КСРО-дан мұраға қалған әрқайсысының он-оннан ядролық оқтұмсықтары бар 104 құрлықаралық баллистикалық СС-18 зымырандарын жою туралы шешімдерінің елеулі ықпал еткені сөзсіз. Тарихи салыстыру жасасақ: бүгінде бүкіл әлем кірпік қақпай назар аударып отырған Солтүстік Кореяда алты ядролық бомба жасай алатын ғана плутоний бар.
Қазақстан ядролық қаруын сақтай отырып, біздің әлеуетті тұрақсыз аймақта неғұрлым да ықпалдырақ ойыншы бола алар ма еді, бәлкім, әрине, онда бізді әлем жақсырақ білер де еді. Кейбіреулер тіпті бізді ядролық арсеналдан бас тартпауға да үгіттеді. Алайда біз шешімдер қабылдауда біздегі демократия өскінінің жауапкершілігі мен рөлін қоса алғанда, одан да маңыздырақ ой-пікірлерді басшылыққа алдық. Біздің басты мақсатымыз Қазақстанда жаңа экономикалық және саяси модель құру болды, біздің болашағымыз қауіпсіздік, сауда мен инвестициялар саласында Батыспен қатынастарымызға тікелей тәуелді екеніне мықтап сендік.
Біз меніңше «жасампаздық көшбасшылық» деп атауға болатын міндеттерді орындау үшін жасадық, яғни біздің аймақтағы өте күрделі көптеген күштермен прагматикалық және сындарлы өзара іс-қимыл. Міне, нақ осы философия бізді ядролық қарудан бас тартуға және АҚШ-пен ғана емес, сондай-ақ Ресей, Қытай, Иран сияқты Қазақстанмен ынтымақтастыққа ұмтылған барлық елдермен қатынастарды белсенді дамытуға әкелді.
Тамыздың 29-ында біз сол кезде қабылданған шешімдердің кезекті жылдығын атап өттік. Бізді оны қабылдауға жігерлендірген «жасампаздық көшбасшылық» философиясы Қазақстанға және біздің халықаралық байланыстарымызға одан әрі пайда келтіруде. Демократиялық құндылықтарды, заңның үстемдігін, транспаренттілікті, толеранттықты және еркін сауданы жақтау бізге тұрақты мемлекет құруға және орнықты және жақсы білім алған орта тап қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ел ішіндегі осы неғұрлым орнықты іргетас біздің әлемдік аренада стратегиялық ынтымақтастық арқылы және көбіне көңіл бөлінбей келген немесе әдетте бірлескен жұмысқа онша ынталы емес елдердің өзара іс-қимылы үшін мүмкіндіктер ұсыну жолымен маңызды рөл атқаруға жағдай жасады.
Бостандық пен бейбіт даму, демократия ортақ құндылықтарды бөлісе отырып, бір-бірін қолдап отырады. Сондықтан да бүкіл адамзатты дүр сілкіндірген қыркүйектің 11-індегі лаңкестік кездерінен бері Қазақстан халықаралық лаңкестікпен күресте АҚШ-пен қоян-қолтық тізе қосып келеді және бүгінде Ауғанстанды тұрақтандыру күш-жігеріне өте қажетті көмек көрсетуді жалғастыруда.
Қазақстан «жасампаздық көшбасшылыққа» үндеген демократия өскіні бола отырып, тіпті қарама-қарсы тараптар диалогын да ынталандыруда. Жақында Қазақстанда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының 3-съезінде толеранттық пен өзара түсіністікті қолдау үшін барлық елдердің және діндердің дерлік рухани көшбасшылары бас қосты - бұл біздің жетістіктеріміз мысалдарының бірі ғана. Сонымен қатар Иран және басқа да елдердің өз энергетикалық бағдарламаларын ашық та адал жүзеге асыруға мүмкіндік беретін біздің МАГАТЭ-нің басқаруымен ядролық отын халықаралық банкін құруға әзірлігіміз де АҚШ, Ресей және Қытай көшбасшылапрының тарапынан қолдау тауып отыр. Ал жақында Израиль Президенті Шимон Перес Қазақстанға өз елі мен Сауд Арабиясы және ислам әлемінің басты көшбасшыларын тарихи кездесуде басын қосуды ұсынды.
Міне, демократияның жас өскіні осылайша өз үлесін қоса алады. Өткеннің қасаң, етсіңді жүктері мен қарама-қайшылығынан ада «жаңа өскіндер» жаһандық еркіндік аренасында шынайы прагматикалық шешімдерді қабылдау үшін ахуал құруда катализаторлар болуға қабілетті. Президент Обама мұны жақсы түсінеді. Ол өзі сайланғаннан кейін екі апта өткен соң маған аймақтық ынтымақтастық, ядролық қаруларды таратпау жөніндегі шаралар және энергетикалық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылау үшін телефон шалды. Осы әңгіме үстінде, одан кейінгі көптеген сөйлеген сөздерінде айтып жүргендей, Президент Обама мемлекеттік істерді өркениетті жүргізу үшін іргетас ретінде прагматизмды бағалайтынын білдірді.
Кейбіреулер Президент Б.Обама уәде еткен сыртқы саясаттағы жаңа бетбұрыс мақсаттарына мұндай тұрғы сәйкес келмейді деген пікір айтқан болатын. Алайда мен мұндай сынды негізсіз деп санаймын, өйткені прагматизм мемлекет құрылысы істеріне қажет. Идеологиялық «крест жорығы» деп аталатыннан гөрі прагматикалық саясат әріптестердің оң көзқарасына тезірек жол ашады. Бұл ығыт 200 жылдан астам уақыт бойы Америка жасаған экспериментті небәрі он жылдың ішінде жүзеге асырып жатқан демократия өскіндеріне жақсы түсінікті. Жасампаздық көшбасшылық - біздің қолымыздан келетін маңызды рөл және біздің басқаларға бере алатын маңызды үлгіміз де осы болмақ.