Денесін өткір затпен кескен АМӨЗ қызметкері ауруханаға жеткізілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытының 4-разрядты жөндеушісі жұмыс істеуден бас тартып, денесін өткір затпен кескен. Ол жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген.

Бұл деректі Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі растады. Оқиға бүгін, 3 ақпанда болған.
– Механикалық жөндеу цехында жылу оқшаулауға байланысты арнайы топ құрылды. Цех басшысы бұрыннан бар бригада құрамынан оқшаушылар тобында жұмыс істейтіндердің тізімін жасақтаған. Аталған тізімге 4-разрядты жөндеуші Н.А. енгізілді. Бірақ бүгін, 3 ақпанда ол жаңадан құрылған бригада құрамына тапсырылған жұмысты орындаудан бас тартты. Аталған цех басшысы жөндеушінің жылу оқшаушылар бригадасында жұмыс істеуден бас тартқаны туралы баянхат жазып, бұрынғы бригадаға қайтарды. Соған қарамастан, жөндеуші тікелей басшысының шешімімен келіспей, өзінің өміріне зиян келтіруге оқталды, - деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, жөндеуші өткір затпен асқазанының тұсын кескен. Ол жедел жәрдем бригадасының көлігімен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған медициналық көмек көрсетті.
– Қазір жөндеушінің өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Ол жұмысын жалғастыра береді, - деді кәсіпорынның баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директорына 6,9 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.