Денис Евсеев Испания турнирінің жартылай финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның – екінші, әлемнің 184-ракеткасы Денис Евсеев Тенерифе (Испания) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.

Денис Евсеев
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 337-сатыда тұрған италиялық Самюель Винсент Руджеримен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда Денис 6:3 есебімен басым болды. Екінші сетте де сол қарқынынан танған жоқ – 6:4.

Бір сағат 24 минутқа созылған бәсеке барысында Евсеев 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Руджери 5 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

Денис Евсеев финалға шығу үшін әлемнің 127-ракеткасы, америкалық Брендон Накасимамен таласады.

Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин ширек финалда испаниялық Хавьер Косано Барранкодан ойсырай ұтылды – 1:6, 1:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Испанияда жарыстың бірінші ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Аргентинадағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар