Денис Евсеев Испаниядағы турнирде кезекті жеңісіне қол жеткізді
ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 184-ракеткасы Денис Евсеев Тенерифе (Испания) челленджер турнирінде кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Іріктеу сайыстарында екі қарсыласын ұтқан Д.Евсеев негізгі жарыстың алғашқы айналымында дүниежүзілік рейтингіде 250-орында тұрған швейцариялық Леандро Ридимен кортқа шықты.
Бірінші партия 6:4 есебімен қазақстандықтың пайдасына аяқталды.
Екінші сетте де ол есепті 4:1-ге жеткізді. Бұдан кейін швейцариялық спортшы бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Бір сағатқа созылған матч барысында Денис 2 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланып үлгерді.
Денис Евсеев ширек финалға шығу үшін әлемнің 103, осы доданың 1-ракеткасы, атақты италиялық Фабио Фоньинимен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.