Денис Евсеев Кишиневтегі жарыста ұлыбританиялық теннисшіні ұтты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 275-ракеткасы Денис Евсеев Кишинев (Молдова) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Д.Евсеев бастапқы матчта камбэкпен жеңіске жетті.
Дүниежүзілік рейтингіде 500-орында тұрған ұлыбританиялық Харри Венделкен бірінші партияда 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Есесіне осыдан кейін Евсеев дес бермеді – 6:1, 6:4.
Бір сағат 55 минутқа созылған ойында қазақстандық спортшы 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Венделкен 7 эйс, 5 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Денис Евсеев ширек финалға шығу үшін әлемнің 314-ракеткасы, ұлыбританиялық Чарльз Брум немесе рейтингіде 444-сатыдағы жапониялық Каити Утиданың біреуімен шеберлік таластырады.
Жүлде қоры 54 мың еуроға бағаланған Кишинев додасы 1 маусымда мәресіне жетеді. Жеңімпаз 7 530 еуроға қоса 50 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.
Д.Евсеев қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 267-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Юлия Путинцеваның екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.