Денис Тен ізімен: Шайдоров еркін бағдарламада қалай бақ сынайды

АСТАНА. KAZINFORM  – Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша бесінші орынға табан тіреді. Конькимен мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама басшысы Айза Мәмбекова спортшының көрсеткіші мен еркін бағдарламадағы басты басымдықтары туралы айтып берді.

Михаил Шайдоров
Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК

Михаил Шайдоровтың қысқа бағдарламадағы өнерін төрешілер жоғары бағалады. Ол техникалық элементтердің барлығын дерлік мінсіз орындап, 92 ұпайға ие болды. Құрама басшысының айтуынша, бұл – әлемдік деңгейдегі мықты қарсыластар ортасындағы лайықты көрсеткіш.

Айза Мәмбекова
Фото: видеодан алынған скрин

– Михаилдың бесінші орын алғаны – сенсация емес, бұл оның еңбегіне лайықты орын. Техникалық элементтері, секірімдері мен айналымдары «плюс» зонасында орындалды. Төрешілер компонент бағасын, образ, костюм, музыка сәл төмендеткенімен, ол шешуші рөл атқармайды. Ең бастысы – Михаил қазір әлемдік рейтингіде үшінші орында тұр және ол мұз үстінде өзіндік қолтаңбасы бар спортшы, – дейді Айза Мәмбекова «Jibek Joly» телеарнасының «Live» бағдарламасында.

Маманның айтуынша, алдағы еркін бағдарламада Михаил Шайдоров әлемде тек өзі ғана орындай алатын бірегей элементтерді паш етпек. Бұл каскад оның Олимпиададағы басты қаруы болмақ.

– Еркін бағдарламада бес «ультра-си» элементі жоспарланған. Оның ішінде үш айналымды аксель, ойлер және төрт айналымды сальховтан тұратын каскады бар. Бұл элементті қазір әлемде тек Михаил ғана мінсіз орындай алады. Бұл – оның визит картасы десек те болады. Егер барлығы ойдағыдай өтсе, біз медальдан үміткерміз, – деп атап өтті құрама басшысы.

Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров бұған дейін Төрт құрлық чемпионатында жеңімпаз атанып, әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген болатын. Бүгін спортшы Олимпиаданың еркін бағдарламасында жүлделі орындар үшін тартысқа түседі.

Соңғы жаңалықтар