Денсаулық сақтау министрлігі химиялық кастрацияны қолдану тәртібін өзгертуді ұсынбақ

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі педофилия үшін сотталғандарға қатысты химиялық кастрацияны қолдану ережелерін өзгертуді жоспарлап отыр. Бұл мәселе BIZDIÑ ORTA подкасының жаңа шығарылымында талқыланды.

педофил
Фото: Pexels

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда препараттар үкім шыққан бойда қолданылады. Алайда олардың бағасы қымбат әрі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеледі. Осыған байланысты жаңа ұсыныс дайындалды: сотталғандарға түрмеден босатылуына бір жыл қалғанда психиатриялық сараптама жүргізіледі. Егер рецидив қаупі расталса, химиялық кастрация босатылуына алты ай қалғанда тағайындалады.

Психиатр, пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметінің жетекшісі Тамара Насырованың айтуынша, мұндай тәсілдің бірнеше артықшылығы бар.

– Препараттың тиімділігі шамамен 20-50% деңгейінде, ал 15-18% жағдайда резистенттік байқалады. Инъекцияны босатылуға алты ай қалғанда енгізудің себебі – терапиялық әсердің қаншалықты жылдам қалыптасатынын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қауіпсіздік профилін, яғни дәрінің ағзаға әсерін қадағалау маңызды, – деді ол.

Алайда Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов бұл ұсынысты тиімсіз деп санайды.

– Біз тым гуманистік көзқарас танытып отырмыз деп ойлаймын. Балаларға қарсы қылмыстарға әлдеқайда қатаң жаза қолдану қажет. Екі жол бар: медициналық қауымдастық айтқандай, оларды өмір бойы түрмеде ұстау немесе мұндай қылмыстарды террористік актілерге теңестіру. Инъекция салу олардың санасындағы мәселені шешеді деп ойламаймын, – деді депутат.

Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы талқылау кезеңінде. Биылғы күзде бұл түзетулер Мәжіліске қарауға енгізілуі мүмкін.

Айта кетейік, Үкімет Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретін кеңейтті.

Соңғы жаңалықтар