ДЕНСАУЛЫҚ: Бауыр, талақ, бүйректің қатерлі ісікке шалдығуы канцерогендердің себебінен екенін білеміз бе?

АСТАНА. ҚазАқпарат - 90-шы жылдары Қазақстандағы урбанизация үдерісінің қоғамға әсері, оның тұрмыс-тіршілігіне орасан зор өзгеріс әкелгені туралы әлеуметтанушылар тарапынан аз айтылып жүрген жоқ. Алайда, отырықшы болуға бейімделген кешегі көшпелі, одан кейінгі ауыл қазағы, ендігі қалалық «жаңа қазақтың» ас-ауқаты, ішіп-жемі туралы, оның айналасы жүз жылға жетер жетпес уақытта айтарлықтай өзгеріске ұшырағаны кейде зерттеушілер назарынан тыс қалып қоятыны өкінішті. Бүгінде медицина саласына млрд-таған қыруар қаржы бөлініп жатса да ауру жылдан жылға «жасарып» бара жатқаны қазақ атамыздың: «Ауру - астан, дау - қарындастан» деген мақалын ескере бермейтіндігімізден емес пе?
None
None

Тауық жеген қауым

«Сен не жесең, солсың!» деген де сөз бар екен. Оған таңғалудың да қажеті жоқ болар. Мысалы, «шайтан су» - арақты ішіп алған жұрттың шайтан жасамайтын жұмысты жасап, арысы адам өлтіріп, берісі туған баласын тастап немесе сатып жатқаны бүгінде ешкімді де таңқалдырмайтын болды. Қазіргі күні көшедегі «таксистен» бастап, «қоғам бұзылды» деген тақырыпта әңгіме қылмайтын адам жоқ. Сол қоғам неден бұзылды деген сауалға жауап іздегенде, оның бір астарын ішіп-жеп жүрген тамағымыздан да қарау керек екенін ұмытпасақ дейміз. Әжеміздің қазанындағы қаспақты қырып жеп отыратын күн алысқа кетіп, құртты анда-санда ғана дүкеннен сатып алып жейтін қалалық қауымның кейде «қатыгездеу» болып кететіні де сол ұлттық тағамнан қол үзіп бара жатқандықтан емес пе екен? Әрине, бұл - жан жақты талқылауға жататын тақырып. Бірақ, бір білеріміз, сапасыз тамақ - денсаулықтың бұзылуына бастар бірден бір жол. Жазушы Айгүл Кемелбаева бір әңгімесінде қызын жұмыртқамен тамақтандыра беретін анасы бір күні оның арқасынан қанат өсіп келе жатқанын көргені туралы жазғаны бар еді. Бұл күнде арқамыздан қанат шықпаса да, тауықша «ұсақталып» бара жатқандаймыз ба деген ойға қаласың. Өйткені, халықтың жаппай тұтынатын тамағының бірі тауық болып барады. Себебі, 1300 теңгеден басталатын жылқы еті мен литрі 500-700 теңге тұратын қымыз, шұбат ішуге әркімнің жағдайы да жете бермейді. Құс етінің тез қорытылатын, өте жеңіл тамақ екені белгілі. Бірақ сол қайдан, не жеп келетінін біле бермейміз. Құс өсірушілер балапандардың екі ай ішінде тез оңалып, салмақ қосуы үшін жемге түрлі дәрумендер мен ағзаның өсуін күшейтетін натрий глутаматы бар жасанды қоздырғыштар қосатыны туралы талай мақала жарыққа шықты. Ол біз ашып отырған жаңалық емес. Ал, мұндай гормондық дәрумендер мен антибиотиктердің адам ағзасына да зиянды әсері өте көп. Бұл аурудың басы емес пе?

Фаст фуд - «тексіз тамақ» Мөңке би: «Ақыр заманда сиыр пұл болады», депті. Бұл күнде сиыр емес, тауық та құн болды. Осы орайда, тауықтың «төресін» тез дайындап беретін фаст фуд туралы айтпай кетуге әсте болмайды. Оның зияны туралы күнде естіп жүрсек те, біле тұрып қылғытып, артынан коламен тоқ басамыз. Бұл әдет пе, ауру ма? Ғалымдардың пайымдауынша, фаст фуд адамды психологиялық және химиялық тәуелділікке ұрындырады. «Бүгінгі таңда дамыған елдердің экономикасы, негізінен, фармацевтика саласына, косметология өндірісіне және фаст фуд тағамдарын шығаруға тікелей тәуелді», дейді кейбір шетелдік БАҚ. Демек, олар үшін бүкіл адамзаттың аш, ауру, әрі шектен тыс семіз болғаны керек. Ауыра қалса, дәріханалар толған дәрі. «Ауруың астан келсе, емің міне!», - дейді олар. Тағы да айта кету керек, малдың немесе құстың тамағына қосылатын антибиотиктер мен етті өңдеуде қолданылатын химикаттар оның құрамында сақталып қалады. Соңғы кездері ет өнімдерінен уланудың көбейіп кеткені соның дәлелі. Сол етті жеген адамның артық салмақ қосып, соның салдарынан ағзасы күйзеліске ұшырап, депрессияға түсетіні анық. Антидепрессанттар ішу де біздің қоғамның әдетіне енді. «Осылайша жүйкесі бұзылған, өз өзіне сенімсіз адам қалыптасады», дейді осы саланы зерттеуші дәрігерлер. «Тексіз тамақтың» шексіз зияны мұнымен бітпесе керек... «Құбыжық» шұжықтан улы дәмдегішке дейін... Кеңес Үкіметі уақытында азық-түлік өнімдеріне ГОСТ жүйесі болған. Бүгінде бұл өнімдер техникалық шарттарға (ТУ) сәйкес келсе болды. Мәселен, ГОСТ талаптары бойынша, еттен жасалатын өнімдерге азықтық қоспалар қосуға мүлдем тыйым салынған болса, техникалық шарттарға сәйкес, мұндай нұсқаулар алынып тасталып, сапасыз етке соя ақуызын, өнімнің сапасын жасанды түрде арттыратын басқа да химиялық заттар қосуға шектеу қойылмайды. Ал, сіз өзіңіз жақсы көретін шұжықтың (сосиска) құрамында не бар екенін білесіз бе? Оның 25 пайызы - соя ақуызынан, 15 % - құс етінен, 7 % - мал етінен, 5 % - крахмал ұнынан, ал 45 % - малдың терісінен, тарамыс-тамырлары мен бүйрек-бауырларынан жасалған эмульсиядан тұрады. Ең сорақысы - өтпей қалған шұжық өнімі ет комбинатында қайта өңдеуден өтіп, сауда нүктелеріне қайта әкелініп жатқаны теледидардан бірнеше мәрте көрсетілді. Сапасы төмен, канцерогені өте жоғары өнімді тұрақты түрде пайдаланып жүрген кісінің қайдан дертті болдым деуге мұршасы да келмей қалады. Қылтамақ сияқты емі жоқ аурулардың бәрі де осы канцерогендік заттардан туатынын ғылым дәлелдеп отыр. Жылдар бойы улы заттар жиналған ағза генетикалық өзгерістерге ұшырайды. Ал, геннің өзгеруі адамның өзгеруіне, тіпті көңіл-күйіне де әсер етеді. Бауырдың, талақтың, бүйректің қатерлі ісікке шалдығуына осы канцерогендер себеп. Айта кету керек, дүниежүзілік тамақ өндірісінде азықтық қоспаның үш түрін мүлдем қолдануға тыйым салынған. Олар Е-121 қоспасы - қызыл цитрус тағамдық бояуы, Е-123 - амарант бояуы, Е-240 - формальдегид консерванты. Бүгінде Е-240 консервантының азық-түлікке кері әсер ететіні дәлелденген. Кейбір азықтық қоспалар аллергиялық реакция туғызады, асқазан-ішек жолында қабыну пайда болып, таяныш-қозғалу мүшелердің жұмысының бұзылуына әкеледі. Ірімейтін сүт ішіп, шірімейтін йогурт жеп жүрміз

Ал кейбір сүт өнімдері 100 пайыз жасанды екені, зауыттан шыққан сүт өнімдерінің адам ағзасына зияндылығы туралы айтылып жүр. Табиғи сүт 3-4 күн ғана сақталса, сауда нүктелеріндегі «табиғи сүт» белгілі бір температурада 6 айға дейін тұрады. Осының өзі-ақ оның «химия» екенін көрсетсе керек. Ал сол сүттерді бұзбай сақтайтын асептикалық қорап дегеніміз не? Бұл қорапқа антибиотиктер сіңірілуі мүмкін. Мұндай қорапта көп сақталған сүт өнімдері адам ағзасына өте қауіпті азыққа айналып кетеді. Айран мен йогурт 0 және -1 градуста көп сақталса, оның құрамындағы тірі микроағзалар өмір сүре алмайды. Йогурттың сақталу мерзімі - 3 ай. Мамандардың айтуынша, 3 айға дейін сақталатын йогурт өзінің тауарлық құнын мүлдем жойған болып есептеледі.

Құрт та түспейтін, құс та жемейтін алма

«Алматының алмасы» арман болып, арзан алма базарда сауда болғаны жасырын емес. Құрғақ, қарайып «темірі» шықпайтын «қытай алмасының» қулығын біздің қоғам біліп қалғасын, алма енді көбіне Еуропадан жеткізілетін болды. Тіпті, Аргентинаның алмасын да саудадан көрдік. Ол бізге қалай келді? Жалпы, азық-түліктің сақталу мерзімін ұзарту - тамақ өнеркәсібімен айналысатын көптеген компаниялардың басты мақсаты. Біле білсек, көкөніс және жеміс-жидектерді, әуелі, химиялық қоспалармен «өлтіріп», залалсыздандырады, сосын консерванттардың көмегімен тағы да қайта өңдейді. Мысалы, алма қабығы парафиннің жұқа қабатымен қапталады. Осындай тәсілмен алманы екі жыл сақтауға болады. Ал ол алманы жемес бұрын жәй ғана сумен жуу жеткіліксіз. Оны щеткамен мұқият ысқылап, бірнеше минут ыстық сумен жууымыз қажет екен. Оны істеп жатқан кім бар? Еуропада сауда орындарында сатуға шығарылған азық-түлік заттарының 80%-ы алдын ала өңдеуден өтеді екен. Бүгінде біз де химиялық зиянды заттармен өңделген тамақтарды жеуге мәжбүр болып отырмыз. Бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Стэнфорд университетінің ғалымдары түрлі ағзалардан алынған екі генді біріктіріп, бір ген жасағаны заманында айтулы ғылыми жаңалық болған. Бұл зерттеу нәтижесінде гені өзгертілген өсімдіктер өмірге келді. Бірнеше жылдан соң АҚШ-та гені өзгертілген өнімдерді индустриялық түрде шығару жолға қойылды. Бұл әдістің арқасында түрлі өсімдіктер мен көкөністер суыққа төзімді, ұзақ сақталу қасиетіне ие болды. Оларды зиянкестер де жемейді. 1994 жылы қарапайым қызанақтың генін камбала балығының генімен «шатыстырды». Осындай томаттан жасалған кетчуптер әлемнің барлық елдерінде сатуға шығарылды. Ал, картоп геніне бәйшешек гүлінің гені кіріктірілді. Қазір дүниежүзінде мыңға жуық гені өзгертілген өсімдіктер пайда болды. «Бұларды күнделікті жеген адамның жүрек, қантамыр жүйесі, асқазан жұмысында күрделі ауытқулар байқалады», - дейді мамандар. Сондай-ақ, тахикардия, өкпе тұсы шаншуы басталып, қан қысымы жоғарылайды. Орталық жүйке жүйесі де бұзылады. Ұйқысы қашып, есте сақтау қабілеті төмендейді. «Ауру астан...» деген атам қазақтың сөзіне осыдан кейін қалай «иман келтірмеске»?!.

P.S: «Ішкенім ірің болды, жегенім желім болды» дейді қазақ кейде күйінгенде. Біз де қара аспанды төндіруден аулақпыз. Дегенмен де, бүгінгі күнгі жас ұрпақтың денсаулығы үшін табиғи тамаққа ден қою керектігін тағы бір еске салғымыз келді. Мамандар, шұжықтан бас тартып, ет жеуге, табиғи сүт ішуге кеңес береді. Йогурт, басқа да өңделген айран өнімдерінен гөрі таза көкөніс, жеміс-жидектерді жеп, қайнатылған еттің сорпасы мен күніне 2 литрден артық су ішу қажеттігін айтады. Осы орайда, тағамтанушы, академик Төрегелді Шармановтың кеңестеріне мән берсек, ұлттық тамақ индустриясын дамытуға күш салсақ дейміз. Ең бастысы, қалтамыз көтеретінді асқазанымыз да көтере алса екен... Өйткені, денсаулық бәрімізге керек. Мақалаға қажет ақпараттар Интернеттен алынды.

Алмас Мұқашұлы

Соңғы жаңалықтар