Денсаулық сақтау ісін дамытудың «Салауатты Қазақстан» атты 5 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 552,3 млрд. теңге бөлінетін болады - Ж. Досқалиев

АСТАНА. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Еліміздегі денсаулық сақтау ісін дамытудың «Салауатты Қазақстан» атты 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 552,3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
None
None

Бұл туралы бүгін аталмыш бағдарламаның жобасын талқылау мәселелеріне арналған Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бағдарламаны 6 бағыт бойынша жүзеге асыру көзделіп отыр. Бірінші бағыт - азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдарды арттыруға 27,2 млрд. теңге; екінші бағыт - профилактикалық іс-шараларды, скринигтік зерттеулерді күшейтіп, негізгі әлеуметтік маңызды аурулардың диагностикасын, емдеу және оңалту тәсілдерін жетілдіруге 63,3 млрд. теңге; үшінші бағыт - санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіруге 38,6 млрд. теңге; төртінші бағыт - Бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыруды, басқаруды және қаржыландыруды жетілдіруге 342,2 млрд. теңге; бесінші бағыт - медициналық, фармацептикалық білімді жетілдіруге 70 млрд. теңге; соңғы алтыншы бағыт - медицинадағы инновациялық технологияларды дамыту және енгізуге, халыққа арналған дәрілік заттарға қол жетімділігін және сапасын арттыруға 11 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Осылайша, бағдарламаны жүзеге асыруға бас-аяғы 5 жылдың ішінде 552,3 млрд. теңге бөлу көзделген.

Ж. Досқалиевтің сөзіне қарағанда, мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты - Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту және еліміздің тұрақты әлеуметтік-демографиялық даму қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру болып табылады.

Осы орайда министр бағдарламаны жүзеге асырудан халық үшін, медицина қызметкерлері үшін және мемлекет үшін күтілетін тиімділікке тоқталып өтті. Оның айтуынша, бағдарламаның жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген.

Соңғы жаңалықтар