Денсаулық сақтау министрі Қызылорда облысының бірқатар медициналық нысанында болды

Бұл туралы министрдің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Сапар барысында министр аудандық емдеу ұйымдары жұмысымен танысып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын саралады. Елбасы тапсырмасына орай, апатты жағдайдағы емдеу мекемелерінің мәселесін көтерді.
Аудандық аурухананың перзентхана жұмысын, балалар бөлімінің емдеу тәсілдерін, жүкті әйелдерді және балаларды қабылдау тәртібінің сақталуын, шұғыл жеткізілген науқастарды қабылдау барысын қадағалап, мамандармен пікір алмасты. Шалғай жатқан елді мекен тұрғындары үшін телемедицина желісін дамытып, облыстық, республикалық клиникаларға тікелей шығу керектігін айтып өтті.
Сондай-ақ С.Қайырбекова тіркеу бөлімі электронды жүйемен жұмыс істеп тұрған Сырдария аудандық емханасына диспансерлік есепте тұратын науқастардың да электронды нұсқасын жасауды тапсырды. Сонымен қатар, скринингтік тексерулерді өткізу, дәрігерлерге қосымша ақы төлеуді жетілдіру, күндізгі стационар жұмысын күшейту жағына назар аударды. Сонымен қатар, ол аудандық емхананың жаңа ғимаратын салуға ықпал ететіндігін айтты.
Сапар барысында министр «Талсуат» дәрігерлік амбулаториясына барып, ауыл халқына көрсетіліп жатқан көмектің қолжетімділігі мен сапасына назар аударды. Амбулаторияда барлығы электронды түрде тіркеліп, тегін дәрі-дәрмек беру дұрыс жолға қойылған. Салидат Қайырбекова науқастарға тегін дәрілер беретін дәріханаларды емхана ішінен ашуды тапсырды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келіп, жұмыс істеп жатқан жас мамандарға жағдай жасап, оларды тұрақтандыру маңызды екеніне жергілікті биліктің назарын аудартты.
Қалалық №3 емханада ведомство басшысы медициналық қызметкерлерге тіркелімдегі тұрғындар саны артқан және скринингтік тексерулер қосылған жағдайда жұмыстарды тиісті деңгейде атқаруды тапсырды.
Осы емхана ішінен ашылған «Шапағат» Жастар денсаулығы орталығында болған ҚР Денсаулық сақтау министрі қызылордалық жастармен кездесіп, пікір алмасты. Қазіргі уақытта республикада 52 Жастар денсаулығы орталығы жұмыс істеуде. Және бұл бағытта жұмыстар жалғасын табатын болады.