Денсаулық сақтау министрі жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды

Министр мұнда Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ел халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатымен келді. Ол сапар барысында Сырдария аудандық емдеу ұйымдарында болып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек жайымен танысты. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасына орай, апатты жағдайдағы емдеу мекемелерінің жайына қанықты.
Аудандық аурухананың перзентхана жұмысын, балалар бөлімінің емдеу тәсілдерін, жүкті әйелдерді және балаларды қабылдау тәртібінің сақталуын, шұғыл жеткізілген науқастарды қабылдау барысын қадағалап, мамандармен пікір алмасты. Шалғай жатқан елді мекен тұрғындары үшін телемедицина желісін дамытып, облыстық, республикалық клиникаларға тікелей шығу керектігіне назар аударды.
С.Қайырбекова тіркеу бөлімі электронды жүйемен жұмыс істеп тұрған Сырдария аудандық емханасына диспансерлік есепте тұратын науқастардың да электронды нұсқасын жасауды тапсырды. Сонымен қатар, скринингтік тексерулерді өткізу, дәрігерлерге қосымша ақы төлеуді жетілдіру, күндізгі стационар жұмысын күшейту жағына назар аударды. Аудандық емхананың жаңа ғимаратын салуға ықпал ететіндігін де жеткізді.
Сапар барысында министр «Талсуат» дәрігерлік амбулаториясына барып, ауыл халқына көрсетіліп жатқан көмектің қолжетімділігі мен сапасына назар аударды. Амбулаторияда барлығы электронды түрде тіркеліп, тегін дәрі-дәрмек беру дұрыс жолға қойылған. Салидат Қайырбекова науқастарға тегін дәрілер беретін дәріханаларды емхана ішінен ашуды тапсырды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келіп, жұмыс істеп жатқан жас мамандарға жағдай жасап, оларды тұрақтандыру маңызды екеніне жергілікті биліктің назарын аударды.
Қалалық №3 емханада министрлік басшысы медициналық қызметкерлерге тіркелімдегі тұрғындар саны артқан және скринингтік тексерулер қосылған жағдайда жұмыстарды тиісті деңгейде атқаруды тапсырды.
Осы емхана ішінен ашылған «Шапағат» жастар денсаулығы орталығында болған Денсаулық сақтау министрі қызылордалық жастармен кездесіп, пікір алмасты. Қазіргі уақытта республикада 52 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істеуде.