08:55, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 30 миллиард теңгеге дейін артты ? Алматы облысы
ТАЛДЫҚОРҒАН. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көрсеткіші 30 миллиард теңгеге дейін артты,

2007 жылы бұл көрсеткіш 25,3 миллиард теңге болатын. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау ведомствосының жұма күні өткен алқа отырысында облыстық басқарма басшысы Маралбек Мейірбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. М.Мейірбековтың мәліметі бойынша, 2007 жылы бір тұрғынға есептелген шығыс сомасы - 11626 теңге болса, 2008 жылы бұл сома 15 498 теңгеге дейін артқан. Тамаққа бөлінетін қаржы сомасы - 193 теңгеден 262 теңгеге, ал дәрі-дәрмектер шығысы 731 теңгеден 762 теңгеге дейін артып отыр. Оған қоса, 2008 жылы Талдықорғанда облыстық аурухана жанынан 40 орындық эндокринологиялық бөлім ашылып, қосымша 38,75 штаттық бірлік бөлінген. Қоңырөлең ауылындағы дәрігерлік амбулатория 15 орындық ауыл ауруханасы болып қайта құрылып отыр. Облыс мектептерінде 45 стоматологиялық кабинет, Жамбыл ауданындағы орталық аудандық аурухана жанынан жедел жәрдем бекеті ашылды, медициналық 72 нысанға 815 миллион теңге сомаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 191,2 миллион теңге сомаға 67 санитарлық көлік алынды.