Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға не кедергі – сарапшылар пікірі
Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті Олжас Сатиевтің айтуынша, жаппай цифрландыруға көшпес бұрын, медициналық персоналдың әлеуетін бағамдап алған жөн. Оның ойы ақ халаттылардың компьютерлік сауаттылық деңгейіне назар аудару керек дегенге саяды.
«Денсаулық сақтау министрлігі саланы цифрландырудан қашпайды. Мәселе оны күнделікті жұмыс тәжірибесіне енгізу әдістерінде және қызметкердің оларды қолдануға дайындығында болып отыр. Бұл жерде ең алдымен медицина қызметкерлерінің компьютерлік сауаттылық деңгейіне назар аудару керек.
Екінші маңызды фактор – ол медициналық ұйымдарды ыңғайлы әрі тиімді сандық технологиялармен қамтамасыз ету.
Денсаулық сақтауды цифрландыруға қолбайлау болып отырған тағы бір фактор бар. Ол жеке және мемлекеттік медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде бірыңғай стандарттар мен өзара іс-қимыл тетіктерінің болмауы. Сондықтан бірінші кезекте бұл бағыттағы әдістемелік жұмыстарды пысықтаған абзал», - деп негізгі себептерді атады Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының президенті.
Сарапшы пікірінше, егер министрлік бұл бағытта жергілікті уәкілетті органдармен және квазимемлекеттік сектормен бірлесе жұмыс істеуі қажет. Осы жұмыстар нәтижелі орындалса, онда цифрландыру шаралары 2-5 жылда жемісін береді.
«Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, денсаулық сақтау саласын цифрландыру мүмкін емес. Мәселен, тұлғаға қатысты жеке деректер, медициналық құпия сияқты мәселелерді ұмытпаған жөн. Сондықтан бұл мәселелерге барынша көңіл бөліп, цифрландырудың өзі ғана емес, сонымен бірге қазақстандықтардың медициналық деректерін реттеу мен қорғау жөнінде бірқатар жұмыс жүргізу керек», - дейді Олжас Сатиев.
Тағы бір ІТ саласының сарапшысы Тахир Асанов болса, Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға кедергі болып отырған жемқорлық мәселесі екенін айтты.
«Денсаулық сақтау саласын цифрландыруды алға жылжытуға тосқауыл болып отырған басты факторлардың бірі – жемқорлық мәселесі. Атап айтқанда, қажеттілігі жоқ сандық жүйелерге бостан бос қаржы жұмсау.
Сондай-ақ, қазіргі кезеңде қандай да бір мемлекеттік органды цифрландыруға бағытталған ақпараттық жүйенің артында бір компанияның мүддесі тұратыны жасырын емес. Ал, мемлекеттік орган олар әзірлеген жүйелерді сатып алмаса, онда ол компаниялар қаржысыз қалады. Осы аталған мәселелердің барлығы мемлекеттік органды цифрландыруға кедергі болып отыр», - дейді Digital Uly Dala платформасының маманы Тахир Асанов.
Тахир Асановтың айтуынша, бұл жұмыстармен тек Цифрлық даму министрлігі айналыспайды. Аталған шараларға әр министрліктегі цифрландыруға жауапты вице-министрлер атсалысуы тиіс.
«Қазіргі кезде барлық министрліктерде цифрландыруға жауапты вице-министрлер бар. Олар цифрландыруды іске асыруға міндетті. Дегенмен біздің елдің адамдары бұл саланы тек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен ғана байланыстырады. Алайда, бұл министрлік барлық министрлікке жауап бере алмайды. Оған олардың уәкілеттілігі жетпейді. Иә, әрине министрлік осы салада уәкілетті орган болғандықтан, кез-келген мемлекеттік органға қолдау көрсетуге дайын. Десе де әр саланың өзінің ерекшеліктері бар.
Бұдан бөлек, өздеріңіз көріп тұрғындай барша елде цифрландыруды үздіксіз жүзеге асыру үшін олардың алдында бұдан басқа да ауқымды міндеттер тұр. Менің ойымша, Цифрлық даму министрі денсаулық сақтау саласын цифрландыруға қатысты жауапкершілікті онда болып жатқан келнеңсіздіктерге қатысты өз мойнына алуға тура келді. Ал, Денсаулық сақтау министрлігінің өздігінен шешім қабылдауға дәті бармай отыр деп ойлаймын», - деп мәселелерге тоқталды сарапшы.
Еске сала кетйік, Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру баяу жүргізіліп жатқанын айтып, ведомствоны сынға алған еді.