Денсаулық саябағы ашылды

АСТАНА. Ақтөбе - Ақтөбеде еліміздегі алғашқы денсаулық саябағы ашылды. Өңірде тұрғындар денсаулығын сақтау, олардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатынан туындаған игі шараға облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бастамашы болып, ол денсаулық сақтау қызметкерлері тарапынан белсенді қолдау тапқан болатын. Енді міне, облыс орталығындағы 1,4 гектар алаңда орналасқан бірегей мәдениет және демалыс орталығы көпшілікке қақпасын айқара ашты.

Денсаулық саябағы ашылды

«Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қазіргі таңда облыстың денсаулық сақтау жүйесі медициналық қызмет көрсетудің жаңа, сапалы деңгейіне шығып, халық денсаулығын нығайтуда оң нәтижелерге қол жеткізді. Бұл тұрғыда материалдық-техникалық базаны жетілдіру, кадр әлеуетін арттыру мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Медицина қоғамдастығы күнделікті тәжірибеде Елбасы алға қойған басым міндеттерді орындай отырып, сала бағдарламасын жүзеге асыруға мол күш-жігер жұмсап келеді. Құрылыс бойынша барлық шығынды Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының медицина мекемелері көтерді. Сөйтіп, көпшілікке жаңа әрі жан-жақты қамтылған саябақ ұсынып отыр. Дәрігерлердің тек күнделікті медицина мәселелерімен ғана айналыспай, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық нысандарды құра отырып, тұрғындар денсаулығын нығайтуға, олардың ұзақ өмір сүруге құлшынысын арттыруға қосқан бұл үлесі - өзгелерге үлгі, өнеге. Облыс басшылығы атынан жауапкершілігі зор игілікті еңбектеріңізге алғыс айтамын», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты жиында.

Денсаулық саябағы қатар келген мереке - медицина қызметкерлері күні қарсаңында ашылды. Осы орайда, жиынға қатысқан қонақтар ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қиын да күрделі қызметіне сәттілік, еңбегіне жеміс тіледі. Өткен жылы Ақтөбе облысы әкімінің қарарымен қазақтың тұңғыш әйел-дәрігері Аққағаз Досжанова атындағы сыйлық тағайындалғаны мәлім. Осыған байланысты, Бердібек Сапарбаев 7 номинация бойынша лауреаттарға медальдар мен 500 мың теңгеден сыйлықтар табыстады. Ең құрметті мамандықтың 5 өкіліне пәтер кілті тапсырылды. Сонымен қатар, 12 аудандық және 1 ауылдық аурухана су жаңа жедел жәрдем көлігіне ие болды.

«Қай заманда да денсаулық арашашысы болған азаматтар жоғары құрметке лайық. Елімізде медицина қызметкерлерінің абыройын асқақтатып, оларды барынша қолдауға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келеді. Елбасы жолдауында саланы жетілдіруге үлкен назар аударылған», - деген денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой 45 медицина қызметкеріне министрліктің Алғыс хатын және төсбелгісін тапсырды.

Саябақ сахнасында облыс медицинасының соңғы жылдардағы жетістіктері бейнекөрініс арқылы көрсетілді. Мерекелік шараның соңында жиналған жұртшылық арнайы шақыртылған «МузАрт» тобының концертін, жергілікті өнер¬паздардың әндері мен билерін тамашалады. Жан-жақты деңгейдегі спорттық жарыстар ұйым¬дастырылды.

Денсаулық саябағының аумағында 1500-ден аса тал-теректер отырғызылып, жасыл желек бой түзеген, фонтандар орнатылған. Көшеттердің денін өткен жылы денсаулық сақтау қызметкерлері мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған халықаралық форум кезінде елге еңбегі сіңген отандық медицина қызметкерлері, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар өз қолдарымен еккен екен. Бүгінде олардың барлығы жайқалып өсіп тұр. Воркаут алаңдар, велосипед жолдары, футбол алаңдары, үстел теннисі жұртшылықтың игілігіне пайдаланыла бастады. Қонақтар саябақтың ішін аралап, спортпен шұғылданып жатқан жасөспірімдермен әңгімелесті. Тұрғындардың қан қысымын өлшеп, басқа да медициналық көмек көрсетіп жатқан мамандардың жұмысын көрді.

Алдағы уақытта мемлекеттік мекемелер - облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер, сондай-ақ, ірі ұйымдар мен кәсіпорындар қаланы көркейтіп, жасыл қорды толықтыра түсетін және қалалықтардың демалыс орнына айналатын 34 сквер мен аллеяны өз күштерімен салмақ.