«Денсаулық жолы - 2016» биыл да жалғасады
Акция барысында бірнеше топ медициналық сала мамандары өңірлерге шығып, шалғайдағы ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді, деп жазады «Айқын».
Мобильді медициналық бригаданың арасында терапевтік, кардиологиялық, эндокринологиялық, онкологиялық қызметтердің және саламатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің мамандары бар. Олар республикамыздың денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 - 2019-жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатымен ұйымдастырылып отырған «Денсаулық жолы - 2016» акциясы арқылы қоғамның, билік органдарының назарын ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мәселелеріне аудартпақ.
- Акция мақсаты - тиісті органдардың назарын ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға және сақтауға, сонымен қатар әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алып, саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне аудару. Сондай-ақ әртүрлі аурулардың профилактикасы бойынша ауыл тұрғындарына ақпараттық-ағартушылық және консультативті-диагностикалық көмек көрсету, қауіпті мінез-құлық факторларының таралуын төмендету, - дейді Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының МСАК және әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу бөлімінің үйлестірушісі Бану Сағындықова.
Мәселен, жаһандық ауыртпалықтар мен жұқпалы емес аурулардан келетін қауіп әлеуметтік және экономикалық дамуды тежейтін, қоғам денсаулығы проблемаларын туындатады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, егер сырқатқа байланысты тиісті шаралар қолданылмаса, жұқпалы емес аурулардың салдарынан орын алатын жыл сайынғы жалпы өлім саны 2030 жылға қарай 55 миллионға артады. Ал ғылыми тәжірибе қажетті профилактикалық және емдік шаралар дер кезінде әрі нәтижелі жасалса, жұқпалы емес аурулардың жолын кесуге болатынын көрсетеді.
Әсіресе, жүрек-қан тамырлары, онкологиялық аурулар, тыныс алу ағзаларының созылмалы патологиясы мен қант диабеті сияқты аурудың төрт санаты жұқпалы емес ауруларынан болатын өлім-жітімге алып келеді. Жұқпалы емес аурулардың бұл төрт санатымен де күресуге болады және қатер төндіретін факторларды жою үшін тиімді шаралар жасай отырып, бақылауға алуға мүмкіндік бар екен. Ал қатер төндіретін фактор деп отырғанымыз ‒ шылым тарту, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың жеткіліксіздігі (гиподинамия), улы ішімдік тұтыну.
Екі ай ішінде медициналық бригада республикадағы барлық ауданға жол тартпақ. Былтырғы жылы да аймақтардағы ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетіліп, бүктеме қағаздары таратылып, ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Дәрігерлер ауылдықтарға ерте анықталған онкологиялық, туберкулез ауруларының алдын алу, денсаулықты сақтау және саламатты өмір салтын ұстану туралы кеңестер берген еді. Биыл да осы дәстүр жалғасады.
Шара барысында мамандар сырқаттарды анықтаған соң, жергілікті дәрігерлерге мәліметтер беріледі. Олар өз кезегінде диагнозы анықталған ауыл тұрғындарын диспансерлік есепке алып емдейді. Алдымен Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында (емханаларда) кардиолог, терапевт, невропатолог сияқты мамандарды тарту арқылы артериялық қан қысымын, холестерин мен глюкозаны, физикалық параметрлер деңгейін, денсаулық мектептерінде қауіпті факторларды түзету арқылы жеке қауіпті анықтау үшін дене салмағы индексін анықтау үшін Ашық есік күндері өткізіледі. Бұдан бөлек, акция аясында халық жаппай жиналатын орындарда «Денсаулық қалашықтары» ашылып, кез келген қатысушы медицина мамандарының кеңестерін ала алады, - дейді Бану Сағындықова.
Ендеше, акция аясында көрсетілетін тегін медициналық көмекті қалт жіберіп алмаңыздар!