Депутаттар қандай кітап оқиды – Парламент кітапханасы маманымен сұхбат
Тарихшы мамандығын алған Әділхан Файзуллин соңғы 15 жылда Парламент кітапханасында кітапханашы болып жұмыс істейді. Ол Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Парламент кітапханасында жұмыс істеу үшін әмбебап маман ғана емес, сонымен бірге ой-өрістің де жан-жақты болуы тиіс. Келушілерге білікті қызмет көрсету үшін саясаттан да, экоомикадан да, заңнамадан да хабардар болуың қажет. Әр келуші өзіне керекті тақырыпқа қатысты материалдар сұрап, жылдам қызмет алуды қалайды», - деді «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясы» РМК кітапханашысы.
Айта кетерлігі, Әділхан бұл жұмысқа тосыннан келген еді.
«Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіргеннен кейін Ұлттық академиялық кітапханаға жұмысқа тұрдым. Кейінірек Парламент кітапханасында бос жұмыс орны бар екенін көріп, бағымды сынап көруге бел будым. Осылайша, жұмысқа қабылдандым. Оның алдында кітаханашы боламын деп еш уақытта ойлап көрмеген едім. Бүгінде жұмысым өзіме ұнайды», - деді Ә. Файзуллин.
Парламент кітапханасының тарихы 1987 жылдан, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің ақпараттық-сараптамалық бөлімінен басталады. Қазіргі уақытта кітапханадағы кітаптар мен журналдар саны еселеп артқан. Кітап қоры да үнемі толықтырылып отырады.
«Парламенттік кітапхана мамандандырылған, Парламент Мәжілісі мен Сенаты депутаттарын және аппарат қызметкерлерін ақпараттық қолдау үшін құрылған. Кітап қорының негізгі бөлігі құқық, әлеуметтік блок, экономикалық басылымдар. Энциклопедиялық және ғылыми басылымдар да көп. Қазіргі сәтте кітап қоры шамамен 50 мың дана болса, оның 30 мыңы – кітап, ал 20 мыңы – мерзімді басылымдар», - деді кітапханашы.
Кітапхана қызметкерлері оқырмандармен жұмыс істеп, журналдарға жазылуды ұйымдастырудан бөлек ең қызықты ғылыми мақалаларды сканерлеп, оларды электронды деректер базасына енгізеді. Заңшығармашылық жұмысы барысында депутаттарға аса қажетті танымал басылымдар да электронды форматқа көшірілген. Әділхан депутаттардың кітапханаға өте жиі келетінін айтады.
«Мәжілісмендер өздерінің жұмыс аясында Қазақстанның заңнамалық нормаларының жобаларын шетелдік заңнамалармен жиі салыстырмалы сараптама жасап отырады. Бірақ аударма ерекшеліктеріне байланысты шетелдік барлық заңның аудармасы қолжетімді емес. Біз кітапханашы ретінде көмектесуге тырысып, ТМД елдерінің заңнама базасынан ұқсас нормаларды тауып береміз», - деді Ә.Файзуллин.
Оның атап өтуінше, заңнамалық құқық, құқықтану, әлеуметтік блокқа қатысты әдебиетке сұраныс өте жоғары.
«Оқырмандарымызға жан-жақты көмек көрсетуге тырысамыз. Баспалармен жұмыс істеп, олардың жаңа кітаптарының ішінен қызықтыратын басылымдарды сатып аламыз. Бұдан бөлек, бізге авторлар да жиі келіп, кітаптарын таныстырып, тарту етіп кетеді. Таяуда ғана Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кітабы таныстырылды. Оның ұрпақтары кітапханаға ойшылдың шығармаларының толық жинағын тарту етті», - деді маман.
Кітап қорын өзектендіру процесі былай өрбиді: Парламент депутаттары мен аппарат қызметкерлерінің поштасына сауалнама жіберіліп, онда олар өздеріне қандай әдебиет қажет екенін көрсетеді. Мұнан кейін тізімді кітапхана қызметкерлері қарап шығады да, баспалардың арасынан қажетті кітаптарды іріктеп алады.
Кітапхана ұжымы заман көшінен қалып қоймауға тырысады. Оқырмандарына ыңғайлы болуы үшін кітапты қашықтан да тапсырыс беру мүмкіндігін іске қосқан.
«Бізде электронды каталог бар. Парламент депутаттары мен аппарат қызметкерлерінің қай-қайсының да жұмыс компьютерінде біздің «электронды кітапханамыз» бар. Бізде қандай кітаптардың бар екендігін қарап, авторы, тақырыбы, кілт сөз, нақты атауы бойынша таңдау жасауға болады. Егер мәселе туындайтын болса, онда іске біз араласамыз. Бірақ кітапханамыз бос болмайтынын, оқырмандарымыздың бізге келгенді жақсы көретіндігін атап өткім келеді», - деді Ә.Файзуллин.
Сонымен қатар ол Парламент кітапханасы Ұлттық академиялық кітапханамен, ҚазМЗУ және ЕҰУ кітапханалармен жан-жақты ынтымақтастықты жолға қойғанын айтады. Соның арқасында өздерінде жоқ кітаптарда олардан белгілі бір уақытқа ала тұруға да мүмкіндіктері бар. Яғни, кітапханалар арасында өзара кітап алмасу жақсы жолға қойылған.
Парламент кітапханасы заманауи коворкинг орталықпен жабдықталған. Онда түрлі іс-шаралар, тіпті парламенттік тыңдаулар да өтіп тұрады. Кітапхана интерьерін журналистер де жақсы көреді. Олар аталған орталықтарға сұхбаттар жазып алып жатады.
Кітапханашы өзі жұмысының артықшылығы ретінде ақпараттың мол легін, жаңа әлемдік сараптамалардан хабардар болу, жаңа ғылыми әдебиеттермен таныс болу мүмкіндігін атады.
«Кітапхана – бұл менің жұмысым болғандығына қарамастан кітап оқығанды өте жақсы көремін. Бұл жерде жұмысқа қатысты ақпараттарды, ал үйде әдеби кітаптарды оқимын. Соңғы уақытта ғылыми-танымдық және тарихи әдебиеттерге көңіл бөліп жүрмін. Дегенмен бұрынырақ фантастикалық шығармалар ұнайтын», - деді Әділхан.