Депутат Арал теңізін қалпына келтіруге қатысты ұсыныс жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мархабат Жайымбетов Арал теңізі проблемасына қатысты ұсыныс айтты.

Мархабат Жайымбетов
Фото: parlam.kz

«Депутаттық сауалым экологиялық апаттың бар қиындығын бастан кешіп отырған Арал халқының Кіші Аралға қатысты ұсыныс-тілегі арқау болып отыр. Сыр суының байырғы мамандары мен теңізбен тағдырлас халық Кіші Арал жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда бір деңгейлік нұсқасын табанды түрде сұрап келеді. Солтүстік Арал теңізі (САТ) жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы «Көкарал» бөгетін көтерумен жүзеге асты. Алайда, «Сырдарияда су аз болады» деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынды. Айта кететін жәйт, бар ғұмырын су саласына арнаған Нариман Қыпшақбаевтың бөгетті 52-53 метр биіктікте көтеру туралы талап-ұсынысына жобалаушылар құлақ аспаған. Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен ұлы теңіз жағына қарай 48 млрд текше метр шамасында су зая кетті. Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе?», - деді М. Жайымбетов Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, жергілікті халық Су ресурстары министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 1,5 млн доллар бөлінген.

«Бір қызығы, жергілікті халықпен толық келіспей, қоғамдық талқылаудан өткізбей, қаражат игеріліп қойған. Оған мүдделі кім? Қаржы мақсатты жұмсалды ма? деген сауалдарды алға тартып, Қамыстыбас көлінің табиғи кешенін бүлдіруге болмайтынын тайға таңба басқандай баяндаған. Осыған орай ел AMANAT фракциясы келесі мәселелерді шешуді қажет деп есептейді. Біріншіден, бір деңгейдегі схеманы қалдырып, екі деңгейлі САТ жобасы түбегейлі тоқтатылсын. Жергілікті халық өңірде бірнеше қоғамдық талқылау мен кездесулер өткізуді, оның ашықтығын қамтамасыз етуді сұрап отыр. Екіншіден, Солтүстік Арал теңізінің 12 шақырымдық Көкарал бөгетінің тұрақтылығын сақтау және қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, Қамыстыбас көлі – аймақ жауһары, әрі өңірде экологиялық баланс сақтауда маңызы зор. Сондықтан оның режимін бұзудың қажеті жоқ», - деді депутат.

Биыл тамыз айының басында осы жылы Арал теңізіне 1,38 млрд текше метр су келгені хабарланды.

 

Соңғы жаңалықтар