Депутат әскери кафедралардағы кемшілікті атады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы әскери білім беру жүйесіне ауқымды реформалар қажет. Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің бүгінгі депутаттық сауалында осы мәселені көтерді.

Депутаттың сөзіне қарағанда, оқу орындарын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру туралы Президенттің тапсырмасына қарамастан, материалдық-техникалық база әлі де ескірген қалпында қалып отыр, ал практикалық дайындық деңгейі төмен.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жоғары оқу орындарында 41 әскери кафедра жұмыс істейді. Осы кафедраларды қазірге дейін 120 мың түлек бітіріп шыққан.
- Жыл сайын 7 мың түлек тәмамдайтынын ескерсек, алдағы 10 жылда олардың саны тағы 70 мыңға артады. Әскерге адам жетіспейді дейміз. Сонда, запастағы офицерлер мен сержанттардың саны қатардағы сарбаздан да көп болып кетпей ме?! Кафедра меңгерушілерін Қорғаныс министрлігімен келіседі, алайда әдістемелік нұсқаулықтар мен оқулықтарда бірізділік жоқ. Практикамен ұштастыру жағы да кемшін. Оқитын студенттердің жартысына жуығы ақылы негізде білім алатын ескерсек, жекеменшік университеттер үшін кафедралар талапкер тартудың көзіне айналып кеткен жоқ па? - деді Дархан Қыдырәлі.
Сонымен қатар бірыңғай әдістемелік база жоқ, заманауи оқулықтар жетіспейді, ал оқу бағдарламаларында әлі күнге дейін көнерген кезеңдегі тактика пайдаланылады.
- Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Сондықтан әскери ЖОО мен қорғаныс саласына ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен заманауи технологияны жетік меңгерген ұлттық рухтағы кәсіби мамандарды көптеп тарту маңызды деп ойлаймыз, – деді сенатор.
Былтыр депутат Андрей Лукин әскери кафедралар туралы пікір айтып, әскерилерді дайындауда жаңа тәсіл қажет екенін атап өтті.