Депутат Бақытжан Базарбек жаңа құрылыс кодексінің жобасын сынға алды

АСТАНА. KAZINFORM – - Бүгін Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексінің жобасын таныстыруға арналған жиында депутат Бақытжан Базарбек аталған құжаттағы нормаларды сынға алды.

базарбек
Фото: Мәжіліс

Депутат жаңа Құрылыс кодексінің жобасында барлық ұсыныс ескерілмегенін, шын мәнінде ондағы нормалар бұрынғы заңнамадан көшірілгенін айтты.

«Бұл Құрылыс кодексінің жобасында жаңа ештеңе жоқ. Сейсмика бойынша 145-бапқа тоқталсақ, паспорттау мен көзбен қарап шығу ескерілген. Атап айтқанда, сейсмика – ол адам өміріне тікелей қатысты. Яғни, Алматыда болған оқиға қайталануы мүмкін, біз алдын алу шараларын қолға алуымыз керек. Нысан пайдалануға қабылданғанға дейін тиісті тетіктер іске қосылуы қажет. Бұл нормаларды қолданыстағы заңнамадан жай ғана көшіріп алғандарыңыз түсінікті болды. Негізінде, осы сарынмен бұл кодексті бірінші курс студенті де жасай алады, бұл реферет немесе курстық жұмысқа ғана татиды. Сіздер оны бізге құрылыс кодексінің жобасы ретінде ұсынып отырсыздар», - деді Б. Базарбек.

Депутат құжатта сейсмикалық аудиттің тетіктері нақты көрсетілмегенін айтты.

«Шын мәнінде, бұл кодекс тәуекелдерге жауап бермейді», - деді Бақытжан Базарбек.

Таныстырылымнан кейін тілшілер ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшиннен аталған сынған қатысты пікірін сұрады.

«Бұл айтылған сынға жұмыс тобының отырысы кезінде егжей-тегжейлі жауап береміз. Себебі құрылыс саласы барынша цифрландырылады. Осы бағыттағы жаңа қадамдарды депутаттарға дәлелдейміз. Яғни қай электронды жүйе қалай істеп тұрғанын көрсетеміз. Егер бізден кемшіліктер болса, депутаттардың уәжімен келісеміз. Жалпы кодекс жобасы сараптамадан,Үкіметтің қарауынан өткен. Сондықтан құжат жобасын қарап шыққан мамандар сауатсыз емес қой?! Кодекс жобасын даярлау кезінде Еуропадағы елдердің тәжірибесі зерттелді. Еліміздің әр облысында талқылау жасадық», - деді Т. Қарағойшин.

Еске салсақ, жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала құрылысы туралы кодекстің жобасы талапқа сай емес екенін айтты

Соңғы жаңалықтар