Депутат балаларға қаржы аудару туралы: әр отбасы өзгерісті жылы қабылдап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Парламенті Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова «Ұлттық қор – балаларға!» жобасының іске қосылуына қатысты пікір білдірді.

Ақмарал Әлназарова
Фото: kazgazeta.kz

«Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, әлеуметтік мемлекет ретінде елімізде халықтың әлеуетін арттыруға басымдық беріп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын», - деп жазды Ақмарал Әлназарова Facebook парақшасында. 

Халық қалаулысының айтуынша, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% балалардың шотына аударыла бастады. 

«Халық қалаулысы ретінде, елмен етене байланыстамыз. Таңертеңнен бері, қазақстандық отбасыларының, әсіресе, шалғайдағы әрбір отбасының осы өзгерістерді жылы қабылдап жатқанын естіп отырмыз. Болашаққа деген сенімдері артқан. Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғам – еліміздегі әрбір өзгерісті сол мезетте сезінеді. Қазір билік пен әлеумет арасында шекара жоқ», - дейді ол.

 Сондай-ақ, депутат Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Ұлттық қор – балаларға» жобасының мақсаттары туралы БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бергенін айтты.

«Бұл дегеніміз мемлекет - бүгінгі жас жеткеншектің, ертеңгі инвестициясынының негізін қалыптастырғандығын көрсетеді», - деп толықтырды А. Әлназарова.

Соңғы жаңалықтар