Депутат бюджет тапшылығы жөнінде: Жоспарлау тәсіліндегі кемшіліктерді жою керек
АСТАНА. KAZINFORM – Бюджет тапшылығына жоспарлау тәсіліндегі кемшіліктер әсер етіп отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкасында Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев мәлім етті.

- Бюжет тапшылығын дағдарыс деп бағалауға келмейді, себебі әлем елдерінің көбісінде бюджет тапшылығы бар. Бірақ бюджет профициті бар мемлекеттер де кездеседі.
Менің ойымша, тапшылықтың басты себебі – жоспарлау тәсілі дұрыс емес. Біріншіден, шығынын дұрыс жоспарламаймыз. Екіншіден, табыс та тиісті деңгейге жоспарланбай отыр, - деді М.Ергешбаев.
Осы орайда депутат 2024 жылы бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені құрағынан еске салды.
Өз кезегінде экономист, тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримов жоспарлауда тиісті проблема бар деген уәжбен келісетінін айтты.
- Кезінде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар бар. Оларға қомақты қаражат бөлінді. Бес бағдарламаның өзіне - «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», Үдемелі индустриалды-инновациялық даму, Бизнестің жол картасына 20 трлн теңге шамасында қаражат бөлінді. Осы бағдарламалар мерзімінен бұрын жойылды. Бұл қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды?! Оның нәтижесі қайда?, - деді сарапшы.
Еске салсақ, жақын арада Парламент Мәжілісі Қазақстан Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды.