Депутат қазіргі геосаяси жағдайдағы ел егемендігін нығайтатын шешуші факторларды атады
АСТАНА. KAZINFORM – Табиғатты аялау, экологиямызды сақтау идеясы Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс табуы тиіс. Бұл туралы Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ мәлім етті.
– Конституцияның преамбуласы - Негізгі Заңның жай ғана кіріспесі емес, ол - оның идеялық әрі моральды іргетасы. Преамбула Конституцияны қабылдаудағы түпкі мақсаттарды айқындайды, елдің тарихи-мәдени болмысын, ұлттық келбетін танытады. Сонымен қатар, ол мемлекеттің мақсат-міндеттерін бекітетін, Ата Заңның рухын терең түсінуге жол ашатын тұғыр болуы тиіс. Преамбула халқымыздың сан ғасырлық тарихи жолын - көне дәуірден бүгінге дейінгі тағдырлы кезеңдерді қамтып, еркіндік, әділдік, теңдік, бірлік, жауапкершілік сынды ұлтқа тән іргелі құндылықтарға сүйенуі қажет. Қоғамда Конституция преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтайтын, уақыт өткен сайын мәнін жоймайтын мазмұнда қайта жазу керек деген пікір берік орнықты. Біз - Конституциялық комиссияның мүшелері бұл ұстанымды толық қолдап, осы бағытта жүйелі жұмыс істеуміз керек, - деді Ү.Шапақ.
Осы орайда ол өзгерістерге қатысты өз пікірі мен ойын айтты.
– Ендігі біз ұсынатын преамбула мәтінінде бірнеше іргелі бағыт айқын көрініс табуы тиіс. Преамбулада мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілуі тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл қағидаттар ел егемендігін нығайтатын шешуші факторлар саналады. Сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» идеясы мен оның өзегі саналатын «Заң мен тәртіп» қағидатын преамбула деңгейінде бекіту - мемлекет пен қоғам дамуының жаңа философиясын айқындайды, - деді депутат.
Оның пайымынша, қазір Конституция туралы айтқанда тек билік пен құқықтық нормаларды ғана емес, ұлттың болашақ алдындағы жауапкершілігін де ойлауымыз керек. Сондықтан табиғатты аялау, экологиямызды сақтау идеясы Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс табуы тиіс.
– Әділетті Қазақстанның Конституциялық негізі мемлекеттілік – тек заңдар мен институттар арқылы ғана емес, ұлттық рух пен мәдениет арқылы да орнығады. Сондықтан мәдениеттің және рухани құндылықтардың рөлі Қазақстанда айқын көрініс табуы тиіс. Дәл осы мәдени негіз халықты біртұтас ұлтқа айналдырып, қоғамдық бірлікті нығайтады. Мәдениетті Конституциялық деңгейде бекіту арқылы біз Әділетті Қазақстанның тек құқықтық емес, өркениетті мемлекет екенін нақтылаймыз. Сонымен бірге мәдениет пен өнерге, ғылым мен білімге, инновацияға, табиғатты аялауға, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікке мән берілуі Конституцияны тек құқықтық емес, өркениеттік құжат деңгейіне көтереді. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы жария қоғамдық келісімнің айқын көрінісі, - деді Үнзила Шапақ.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үнзила Шапақ Конституция преамбуласын жаңарту тек редакциялық түзету емес екенін айтқан еді.