Депутат ҚҚС-ты көтеруге қатысты: қаржы жүгі тұтынушыға түседі
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев қосылған құн салығы шегін көтеру мәселесіне қатысты бірқатар ұсыныс берді.

- Бюджет дағдарысы жылдар бойы өсіп келе жатқанын және оның жүйелі себептері бар екенін бәріміз білеміз. Күрделі және батыл шешімдер қабылдаудың уақыты келді дегенді жиі естиміз. Менің ойымша, көбі бұл оймен келіседі, бірақ біз не көріп отырмыз. Үкімет бір мезетте қосылған құн салығын көтеруді және оның төлеу шегін азайтуды ұсынды. Бұл ретте, қосылған құн салығы есепке алынбай, айналымнан алынатын салық болады және барлық сома түпкілікті тұтынушыға қосымша қаржылық жүктеме болып, тауар бағасына әсер етеді. Сондай-ақ, бизнестің бөлшектеніп, көлеңкеге кету қаупі бар, - деді Берік Бейсенғалиев Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдай отырып.
Халық қалаулысының мәлімдеуінше, Үкімет экономиканы дамытуға, шетелден инвестиция тартып, бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
Осы орайда Мәжіліс депутаты Үкіметтің назарына келесі қадамдарды ұсынып отыр.
- Біріншіден, бюджеттің шығысы мен кірісін теңестіріп, тиімсіз шығындарды оңтайландыру қажет;
- Екіншіден, көлеңкелі бизнес субъектілерін салық төлеушілер қатарына біртіндеп шығара отырып, экономиканың үштен бір бөлігін құрайтын көлеңкелі экономиканы нақты экономикаға көшіру керек;
- Үшіншіден, экономиканың нақты секторын қолдау жөніндегі тәсілдерді қайта қарау қажет;
- Мемлекет нақты жұмыс орындарын беретін, қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын кәсіпорындарға ғана қаражат құюы қажет.
Одан әрі Берік Бейсенғалиев Үкіметтің қосылған құн салығы шегін көтеру жөніндегі бастамасына жеке тоқталды.
Бірінші. Үкімет мәселені басқа да тәсілдер мен ұсыныстарды зерттей отырып, жан-жақты қарауы керек.
Екінші. Қазір талқыланып жатқан жаңа салық кодексінің жобасында жеңілдіктер бар, оның орындылығы ел бюджетіндегі қазіргі сын-қатерді ескере отырып қайта қаралуы тиіс.
Үшінші. Халықпен жұмыс істейтін бизнес субъектілері үшін бөлшек салық режимінің сақталуын ескере отырып, шекті деңгей қосымша талқылау қажет.
Төртінші. Салықты әкімшілендіру жұмысын жақсарту, салықтан жалтаруға қарсы күресті күшейту өте керек. Мұның бәрі бюджетті толықтыруда мультипликативті әсер береді. Бизнестен салықты кәсіпкерлерге зиян келтірмейтін мөлшерде алу керек.
- Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Мәжілістің салық ставкаларын ұлғайту жөніндегі Үкіметтің бастамаларын енгізу кезінде біздің ұсыныстарды ескеруді сұраймыз, - деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.
Бұған дейін Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Мәжілістің отырысынан кейін қосылған құн салығы өссе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына қалай әсер ететінін айтты.