Депутат көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат беру ұсынысын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков автокөліктердің алдыңғы бүйір терезесін ақылы түрде қараңғылауды заңдастыру туралы ұсыныс айтты.

— Мен 2024 жылдан бастап Мәжіліс алаңында да, қоғамдық талқылаулар аясында да автомобильдердің алдыңғы бүйір терезесін қараңғылауды заңдастыру мәселесін көтердім. Бұл шара өзекті қоғамдық сұраныстарды қанағаттандыру тетігі ретінде ғана емес, сонымен қатар бюджетке тұрақты түсімдердің тиімді көзі ретінде қарастырылады. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтері бойынша, 2025 жылғы 1 мамырдағы кезеңде елімізде 6 млн 176 мың көлік тіркеуде тұр, оның 86,5 пайызы жеңіл көлік. Автопарктің 5 пайызы қамтылса және рұқсат берудің орташа құны 50 АЕК болса да, бюджетке түсетін ықтимал түсімдердің көлемі жылына 50 млрд теңгеден асуы мүмкін. Бұл қаражат инфрақұрылымды қалпына келтіруге әрі дамытуға — автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға мақсатты түрде пайдаланылуы мүмкін, — деді Олжас Құспеков Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес, кем дегенде 70% жарық өткізген жағдайда алдыңғы бүйір әйнектерде «тонировканы» қолдануға рұқсат етіледі. Бұл талаптар көлік шынысын қарауғылауды заңдастырудың ұлттық тәсілінің негізін қалауы керек.
— Елімізде ақылы мемлекеттік қызметтерді пайдаланудың табысты тәжірибесі бар. Мәселен, 2024 жылы бюджет VIP-мемлекеттік нөмірлерді сатудан 15,8 млрд теңге алды, бұл осындай шешімдердің тиімділігін растайды. Халықаралық тәжірибе де заңдастырылған ақылы тонировканың тиімділігін растады. Мәселен, Қырғыз Республикасында тонировкаға рұқсат беруден 2024 жылы бюджетке шамамен 4 млрд теңге түсті. Өзбекстанда жарық өткізуге рұқсат 70%-дан бастап беріледі. БАӘ мен Оңтүстік Кореяда техникалық талаптар мен баж салығын төлеу кезінде алдыңғы әйнектерді 50% және 40% дейін қараңғылауға рұқсат етіледі, — деді депутат.
Олжас Құспеков жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкіметке келесі ұсыныстарды жолдады:
— Біріншіден, уәкілетті органдарға рұқсаттарды ресімдеп, бюджетке тиісті алымдар түсіру үшін, кем дегенде 70% жарық өткізген жағдайда автомобильдердің алдыңғы бүйір шыныларын ақылы қараңғылауды заңдастыру тетігін әзірлеу;
— Екіншіден, техникалық байқау рәсімдері және өзге де реттеуші тетіктер арқылы шыныдағы жарық өткізудің белгіленген параметрлерінің сақталуын тиімді бақылауды қамтамасыз ету.
— Үшіншіден, көлік құралының санатына байланысты рұқсат беруге сараланған тарифтерді енгізу мүмкіндігін қарастыру, яғни эконом, бизнес және премиум санаттары ескерілуі керек.
Еске салсақ, бұған дейін ІІМ көлік терезелерін қараңғылау бойынша талаптарды түсіндірген еді.