Депутат: Конституциядағы өзгерістер билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Динара Наумова айтты.

Динара Наумова
Фото: Бегнұр Шалкенов

Депутат бүгін талқыланып жатқан Конституция жобасы елдің конституциялық жүйесін қазіргі заманғы талаптар мен қоғамның сұраныстарын ескере отырып одан әрі дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Оның айтуынша, қолданыстағы Конституция мемлекеттің қалыптасуында шешуші рөл атқарып, егемендік негіздерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, қазіргі әлеуметтік және институционалдық сын-қатерлер мемлекеттік басқару жүйесі мен құқықтық тетіктерді өзгермелі жағдайларға бейімдеуді талап етеді.

— Конституция — тек негізгі құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі. Осы тұрғыда ұсынылып отырған өзгерістер билік пен азаматтар арасындағы алшақтықты қысқартуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға және нақты қоғамдық сұраныстарға бағдарлануға бағытталған, — деді Динара Наумова.

Наумованың айтуынша, жоба аясында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, сот төрелігінің әділдігін күшейтуге, сондай-ақ азаматтардың мүдделеріне тікелей әсер ететін, оның ішінде цифрландыру жағдайындағы сезімтал салаларда нақты кепілдіктерді қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.

Сонымен қатар, депутат мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық өзгерістерге де тоқталды. Оның пікірінше, Құрылтай түріндегі бірпалаталы Парламентке көшу және Халық кеңесін құру қоғамдық пікірді ескере отырып, шешімдерді неғұрлым жедел әрі сараланған түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

— Жалпы алғанда, ұсынылып отырған жоба әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға және мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл бастама тұрақтылық пен жаңғырудың бір-бірін толықтыра алатынын көрсетіп, орнықты дамуды және азаматтардың сенімін сақтауға жағдай жасайды, — деп түйіндеді депутат.

Сонымен бірге жоба билік тармақтарының архитектурасын нақтылауды, оның ішінде вице-президент институтын енгізуді көздейді. Бұл шаралар қазіргі заманғы үдерістердің күрделене түсуі жағдайында мемлекеттік басқару жүйесінің орнықтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыған дейін Жандар Асан жаңа Конституция жобасының өзегі – адам құқығы екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар