Депутат квазимемлекеттік компанияларды тұрғын үй құрылысына жолатпауды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, квазимемлекеттік компаниялардың құрылыс компанияларымен бәсекеге түсуіне шектеу қоюды ұсынды.

— Бірнеше күн бұрын БАҚ «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарушы директоры мен «Дорстройтрест» ЖШС басшысының үстінен жүріп жатқан қылмыстық тергеу аяқталғанын жазды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметі бойынша олар «Көктөбе» тұрғын үй кешенінің құрылысы бойынша берілген 2,6 млрд теңге аванс қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Тергеу мәліметіне сүйенсек, бұл қаражат құрылыспен қатысы жоқ қарыздарды жабуға және автомобиль сатып алуға бағытталған. Оның үстіне 650 млн теңгедей ақша жалған келісімшарттар арқылы аффилирленген ЖШС шотына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған, — деді депутат.
Айтуынша, осының салдарынан құрылыс мерзімі кешігіп, түрлі заңсыздықтарға жол берілген.
— Бұл жерде проблема ақша жымқыруда ғана емес. Квазимемлекеттік компания тұрғын үй құрылысына қандай негізде килігіп жүр? Сонда мемлекеттік қолдаусыз жұмыс істеп жүрген жеке компаниялар бюджеттен тікелей немесе жанама қаржы алатын ұлттық холдингтердің еншілес компанияларымен қалайша бәсекеге түсе алады? Мұндай тәсіл әділ бәсекені жойып, нарықтық қатынастарды бұзады, жеке бизнесті нарықтан ығыстырады, — деген депутат бірнеше ұсыныс айтты.
Ерлан Барлыбаевтың сөзінше, квазимемлекеттік компаниялардың тұрғын үй құрылысы сияқты экономиканың бәсекелі секторларына килігуіне тыйым салу керек.
— Бұл секторда жеке кәсіпкерлер табысты еңбек етіп жатыр. Құрылыс, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы сияқты бәсекелі секторға квазимемлекеттік компаниялардың килігу деректеріне кешенді инвентаризация жүргізу қажет. Квазимемлекеттік компаниялардың бәсекелі емес салаларға килігуін шектеп, кезең-кезеңмен шығаруға бағытталған мемлекеттік саясатты әзірлеп, бекітуді ұсынамыз, — деді Ерлан Барлыбаев.
Ал депутат Мұрат Ергешбаев Қытайда Қазақстан ұнын сататын өкілдік құруды ұсынды.